386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Юань құлдырады. Қытайдың көздегені не?

  • 168
  • UPD: 20:40, 06.08.2019

Қытай юаньді қолдан құлдыратты. Қазір бір АҚШ доллары 6,9 юань тұрады.

Әлемдік нарықта алыпқа айналған Қытай АҚШ-қа қарсы осындай амал ойлап тапқан. Бұл арадағы алыс-беріске кері ықпалын тигізуі тиіс. Ресми Вашингтон мұны АҚШ-қа қарсы бағытталған валюталық айла-шарғы деп атады. Естеріңізге сала кетейік, Ақ үй басшысы қыркүйектің бірінен бастап қытайлық тауарға тарифті өсіретіні жайлы мәлімдеген. Бұл Қытайдың соған қарымта жауабы болса керек.

Сауда соғысы былай қалып, валюта соғысы басталған сыңайлы. Сарапшылар бұл жайлы не дейді? Мұның соңы неге апарып соғуы мүмкін?

Ұлттық валютасын құлдыратқан Қытайдың есебі түгел. Алайда бұған қатысты сарапшылардың пікірі сан-алуан.

Сонымен, қытайлық юаньнің АҚШ долларына шаққандағы бағамы соңғы 11 жыл ішіндегі ең шекті мәніне жетті. Бұл жағдай Америка Президенті Дональд Трамптың ашуын туғызды. Ақ Үй басшысының пікірінше, Қытай валюталық айла-шарғыға, яғни манипуляцияға көшкен. Вашингтон қытайлық импортқа тарифті тағы 10 процентке өсіретін болған соң, амалы құрыған Бейжің сасық қулыққа барды, дейді Трамп. Ал Қытай қаржыгерлері мұның жаңсақ пікір екенін айтады. Тіпті ұлттық валютаның құнсыздануы жергілікті халық үшін айтарлықтай өзгеріс әкелмейді. 

Сурнамед Жан, банк қызметкері:

– Юаньнің құлдырауы соншалықты үлкен мәселе емес. Қытайдың халық банкі мәлімдегендей, 7 юань – бұл тек шекті баға. Сондықтан 6,9 бен 7-нің арасында бәлендей айырмашылық жоқ. Күнделікті өмірімізге айтарлықтай әсері болмайды. Яғни біз үшін тауар құнының өсімі байқалады деп ойламаймын.

Тианьхе Джи, қаржыгер:

– Меніңше бұл – нарықтағы жағдайға байланысты қолға алынған шара. Өйткені соңғы екі күн ішінде нарықтағы долларды сатып алу мен арзан юаньді сату үрдісінің белең алғанын көріп отырмыз. Сондықтан Қытай үкіметі валюталық манипуляция жасады деу қате.

Алайда америкалық экономистері олай ойламайды. Ия, АҚШ тауарға тарифті өсірген соң, Қытай юаньді арзандату арқылы экспорттық шығынды ақтай алады. Бірақ ұлттық валютасын жасанды түрде құлдырату түптің түбінде жақсылыққа апармас. Мәселен, Блумберг баспасының сарапшысы Джордж Магнус өз мақаласында мынадай дәйек келтіріп отыр.

«Мұның әсері ауыр болмақ. Әлсіз валюта Қытай тұтынушыларының қалтасын қағады. Яғни импорттық тауар үшін шығын артып, тұтынушылық мүддеге бағытталған экономиканың өрістеуіне кедергі. Несиелік қауіп ұлғайып, қытайлық мүлікке қатысты қаржы жүйесінің осал тұсы айқындала түседі. Нақтырақ айтқанда, соңғы бірнеше жылда АҚШ долларымен қарыз алған компаниялар қиын жағдайға қалғалы тұр. Бұл өз кезегінде, Қытай азаматтарын қаржылық бақылаудан айналып өту үшін ақшаны оффшорлық шоттарға аударуға итермелейді».

Сонымен, ұлттық валютасын құлдырату арқылы Қытай нені көздеп отыр? Ресейлік сарапшылардың пікірінше, Бейжің экспортты ұлғайтуды мықтап қолға алған. Өйткені, қытайлық тауарды доллармен сатып алғанда, шетелдік тұтынушы біраз ақшасын үнемдей алады. Бұдан бөлек, экономика сарапшысы Алексей Маслов мынадай тұжырымын айтты.

Алексей Маслов, сарапшы: 

– Қытай Оңтүстік-Шығыс Азияның экономикалық аймағында көш бастығысы келеді. Аталған аймақта қай валюта үстемдік етеді? Міне, күн тәртібіндегі басты мәселе осы. Меніңше, ҚХР юаньді осы мақсатта дайындап отыр. Яғни өзге елдерге сауда айырбасы үшін тиімді еткісі келеді. Ол үшін алдымен ұлттық валютаны әлсіздендіру керек. Бейжің дәл осыны іске асырып отыр.

Жалпы Америка тарабының алаңдауына негіз бар. Себебі Қытай – АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларын ең көп ұстайтын мемлекет. Енді сауда соғысының салдарынан бұл салымды біртіндеп азайтып жатыр. Мәселен, мамыр айында Қытай резервіндегі АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 3 миллиард долларға қысқарған. Оған қоса, Қытайдан импортталатын тауар көлемі АҚШ импортынан әлдеқашан асып түсті.Тек маусым айында ғана бұл айырмашылық 30,2 миллиард долларға жетті.

Юаньнің құбылуы АҚШ-қа ғана емес, әлемдік қор биржасына әсер етеді. Бір тәуліктің ішінде Батыс пен Шығыстағы алпауыт компаниялардың акциясы арзандады. Алайда экономистердің пікірінше, бұл қалыпты жағдай.

Венсон Цай, экономикалық сарапшы:

– Осыдан үш ай бұрын, қор нарығындағы баға құлдыраған болатын. Тек АҚШ пен Қытай өзара сауда соғысына қатысты келіссөзді жоспарлай бастағанда баға қайта қалпына келді. Бұл жолы да дәл солай болуы мүмкін. Тамыз айында қор биржасындағы акция құны арзандайтыны белгілі. Қыркүйек айына белгіленген келіссөзге дейін қайта көтеріледі деп ойлаймын.

Сонымен 11 раундқа созылған АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысына қатысты келіссөздер әлі нәтиже бермеді. Екі ел тарифті алма кезек 10 проценттен көтергелі жатыр. Оған қоса, Қытайдың валюталық операциясы жағдайды одан сайын ушықтырды. Келер айға жоспарланған сауда келіссөзі кезінде қос ел ортақ мәмілеге келе ме?

Хабар 24 телеарнасы