386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үндістан даулы Джамму және Кашмир аймағын өзінің ажырамас бөлігі етіп жариялады

  • 139
  • UPD: 20:08, 07.08.2019

Қайсарлық пен төзімділік танытқан Джамму, Кашмир мен Ладакхтағы ағайынға айтар алғысым шексіз. Бізді жарқын болашақ күтіп тұр! Конституцияның 370-бабы күшін жойған соң Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди күллі аймақ тұрғындарын құттықтады.

Енді бұл өңір үнді елінің ажырамас бөлігіне айналады. Жергілікті инфрақұрылым дамиды, жастарға жол ашылады. Твиттердегі парақшасында Нарендра Моди осыған уәде берді. Жалпы заң жобасын мақұлдауға қатысты парламенттің төменгі палата мүшелері түрлі пікір айтады. 

Смрити Ирани, заңгер: 

- Премьер-министр еліміздің әлеуметтік саясатында ғана емес, ұлт тарихында із қалдырды. Үндістан қашан да біртұтас ел болмақ! 

Асадуддин Оуайси, заңгер: 

- Мұндағы ең басты мәселе – Кашмир халқының мәртебесі. Ия, олардың жаны тынышталды. Дегенмен, алда-жалда бір қиындық туса, үкіметтің өзі соған жауап беруі тиіс. Сондықтан бұл заң жобасы жақсылық әкеледі дегенге өз басым сенбеймін. Парламенттің төменгі палатасына да осыны қадап айтқан едім. Осы заң жобасын бекіту арқылы тарихи қатеге бой алдырып жатырмыз.

Үндістанның коммунистік партиясы да заң жобасына түбегейлі қарсы. Наразылы белсенділер Нью-Дели көшесінде шеру өткізді. 

Автономиялық құқығы бар Кашмир және Джаммуды дербес мәртебесінен айыру халықтың мүддесі үшін жасалған жоқ. Ел үкіметі қабылдаған бұл шешім демократия қағидаттарына қайшы, дейді партия мүшелері.

Блиц: 

- Үкімет мұндай шешімді Кашмир халқымен ақылдасып жүзеге асырған жоқ. Олар Кашмирді 40 мың жауынгердің көмегіне сүйеніп екіге бөліп отыр. Бұл демократияға жат әрекет.

Ер азамат: 

- Джамму және Кашмир халқының еркін өмір сүру құқығы сақталуы керек. Алайда қазіргі үкімет оны аяққа таптап, Кашмир халқының еркіндігін шектеп отыр.

Кашмир үшін соғыста соңғы 30 жылда 50 мыңнан астам адам көз жұмды. Оқтын-оқтын содырлар ылаң салатын аймақты енді дербес мәртебесінен айыру расымен ол жердегі ахуалды жақсартпайды. Сарапшылардың пікірі осыған саяды. 

Вячеслав Усов, сарапшы:

«Үндістан үкіметі «Джамму және Кашмирдің мәртебесіне қатысты мәселені түбегейлі түрде шештік» дейді. Түптеп келгенде керісінше отқа май құйғандай болды. Жергілікті халық онсыз да Нью-Делидің әрекетіне наразы. Алдағы уақытта бұл шиеленіс ашық қақтығысқа апарып соғуы мүмкін.  

- Пәкістанмен арадағы жағдай түсінікті. Ал Қытаймен шектесетін Ладакх аймағына қатысты Үндістан үкіметі қандай шешімге келді? 

- Өзіне қарасты Кашмир және Джаммудың автономиялық мәртебесін жойған соң, Ладакх өңірі одан бөлініп кетеді. Сондықтан Қытай тарапы да үнсіз қалған жоқ. Сыртқы істер министрлігі бірден жауап қатты. 

Хуа Чуньин, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі: 

- Үнді-қытай шекарасының батыс аумағын Үндістан өзінің әкімшілік-территориялық құзырына енгізуіне Қытай о бастан қарсы. Бұл мәселеге қатысты ұстанымымыз ешқашан өзгермейді. 

Даулы аймаққа қатысты Үндістанның екі күнде біржақты шешім қабылдауы бекер емес. Аймақ мәртебесінің күшін жою үшін Парламенттің рұқсаты керек. Ал Парламенттік сайлауда Модидің партиясы жеңіске жеткені белгілі. Басым дауысқа ие болған партия енді батыл әрекетке көшкен.

Хабар 24 телеарнасы