385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жапония Хиросимадағы ядролық жарылыс құрбандарын еске алды

  • 118
  • UPD: 23:59, 07.08.2019

Жапон халқы тарихтағы ең ірі апат - Хиросимадағы ядролық жарылыстан қаза тапқандарды еске алды. 1945 жылдың 6 тамызында АҚШ әскері бұл қалаға ядролық бомба тастаған. Сол қасіреттің зардабын тартқан жалғыз ел ретінде Жапония жаһан жұртын 74 жыл бойы ядролық қарусыз әлем құруға шақырып келеді. 

Осыдан 74 жыл бұрын полковник Пол Тиббетс қаланың үстінен бомба тастап, шаһар жер бетінен жойылып кеткен еді. Сол қала тек 20 жыл өткен соң қайта қалпына келтірілді. Қазіргі Хиросиманың өзге шаһардан түк айырмашылығы жоқ. Бірақ сол күнгі зұлмат - халық жадында мәңгіге қалып қойды.

Кадзуми Мацуи, Хиросима қаласының мэрі:

- Біз секілді қазақ халқы да ядролық жарылыстардың зардабын едәуір тартты. Өткен күннің қателігін қайталамас үшін, адамзат атомның әсерін зерттеп, жиған білімі мен тәжірибесін өз елінде қолданып қана қоймай, өзгелермен де бөлісуі керек. Хиросимаға келген әрбір адам ядролық қарудың қалдырған «ізін» өз көзімен көре алады. Сондықтан бүгінгі әлем жаппай қырып-жою қаруынан ада болғаны абзал. Соған жету үшін жұрт бірігіп, айналасын бейбітшілік пен татулыққа шақыруы қажет.

Жойқын жарылыс бір сәтте 70 мыңнан астам адамның өмірін жалмап еді. Ол сан жыл соңына қарай 140 мыңға жетті. Тіпті аман қалған азаматтардың көбі ұзақ жылдар бойы азап тартып өтті. Сол кезде жараланғандар мына ауруханаға жеткізілген. Арада 74 жыл уақыт өтсе де, мұнда ядролық жарылыстан зардап шеккендерге әлі де көмек көрсетіледі.

Кодзо Кашивадо, радиациялық онкология бөлімінің директоры:

- Атом бомбасы жарылғаннан кейін дүниеге келген балалардың денсаулығында сыр болмады. Көңілге медеу болатыны сол. Қазір оларда радиацияға байланысты сырқат байқалмайды. Сондықтан, болашақ ұрпағымызда тұқым қуалайтын ауру түрлері болмайды деп сенеміз.

Кадзуми Мацуи, Хиросима қаласының мэрі:

- Ядролық қарудан ада әлем құру үшін ел үкіметтерінің жасап жатқан әрекеті жеткіліксіз. Халықтың түсінігі мен қолдауы қажет. Қай-қайсысымыз да бейбітшілікке үндеп, ядролық жарылыстарға жол бермеуіміз керек. Халықаралық деңгейде осы жойқын қарудың қаупі туралы жиі әңгіме қозғауға тиіспіз.

Ядролық жарылыстан зардап шеккендерді Жапонияда «хибакуща» деп атайды. Бұл қасірет те олардың денсаулығына едәуір әсер етіпті. Негізінен олар онкологиялық ауруларға шалдыққан. Жапония билігі оларды сапалы еммен және ақшалай көмекпен қамтамасыз етіп келеді. Дегенмен, бұл қасірет жергілікті жұрттың соғыс пен ядролық қауіпке деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен. 

Авторы: Әйгерім Оразалиева

Хабар 24 телеарнасы