Пуэрто-Рикода соңғы екі аптада осымен үшінші рет губернатор ауысты.
Осы жолы бұл қызметке әділет министрі Ванда Васкес тағайындалды. Бұған дейін бұл лауазымға АҚШ өкілдер палатасының бұрынғы мүшесі Педро Пьерлуиси бекітілген еді. Алайда небәрі бірнеше күн ғана қызмет етті. Себебі жоғарғы сот оны конституцияға қайшы жолмен келді деп таныды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Пуэрто-Рико халқы губернатор Рикарда Россельоның отставкаға кетуін жаппай талап етіп, шеруге шыққан еді. Жұрт наразылығына Россельоның Telegram-дағы жабық чат арқылы өз кеңесшілерімен жүргізген әңгімесі түрткі болды. Онда олар жергілікті журналистер, саясаткерлер мен танымал активистерге тіл тигізген болатын.