386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


А.Атамбаев: Қырғызстан билігі бассыздыққа жол берді

  • 220
  • UPD: 23:15, 08.08.2019

Қырғызстанның арнайы жасақтары экс-президент Алмазбек Атамбаевтың Кой-Таштағы резиденциясын қайтадан шабуылдауға кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолғы операцияға 2 мыңнан астам милиция қызметкері мен арнайы жасақ жауынгері қатысып жатыр. Ал оларға экс-президенттің 300-400-дей жақтасы қарсы тұруда. Қазір Кой-Ташқа баратын жолдың бәрі жабық. 

Бүгін Бішкекте митингке жиналмақ болған Алмазбек Атамбаевтың жақтастары Қой-Ташқа қарай ағылған еді. 

Жалпы, көрші елдегі саяси ахуал сағат сайын құбылуда.

Бұзақылық, адам өлімі, адам өміріне қауіп төндіру және адамдарды кепілдікке алу. Қой-Таштағы қақтығысқа қатысты Қырғызстанның ішкі істер министрлігі алты бірдей қылмыстық іс қозғады. Ведомство басшысының орынбасары Суйин Омурзаковтың айтуынша, операцияға қатысқан құқық қорғау органдарының өкілдерінде қару болмаған.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тұтқындау операциясы кезінде 1 адам опат болды. 52 адам зардап шекті. Қырғыз елінің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы операцияның о бастан дұрыс жүргізілмегенін айтады. 

Феликс Құлов, Қырғызстан Республикасы ҰҚК-нің бұрынғы басшысы:

– Атамбаев бұл іс бойынша куәгер ретінде шақырту алса, онда бұл шараны полиция өкілдері жүргізуі тиіс еді. Оны сотқа тарту үшін қарулы операция емес, өзге құқықтық шараны қолдану керек еді. Оған қоса заң алдында жауап бергізу үшін мұндай әрекет кешкілік уақытта жүргізілмейді. Жалпы осы сынды көп нәрсе ескерілмеген. Бұрынғы президентті айыпты ретінде тұтқындау үшін ең алдымен не үшін айыпталып жатқаны жайлы алдын ала ескертетін қағаз жіберіп, одан кейін тұтқынға алғаны жөн еді.

«Алмазбек Атамбаевтың қарулы қарсылығы – конституцияны белден басу», – дейді қырғыз мемлекетінің қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков. Оның бұлай деуіне негіз жоқ емес. Өйткені Атамбаевтың өзі қолға мылтық алып, оқ атқанын мойындаған. Сөйте тұра жақтастарын митингке шақырды.

Естеріңізге салсақ, бұрынғы қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев 2011-2017 жылдар аралығында мемлекет тізгінін ұстаған. Сооранбай Жээнбековтің билікке келуіне жол ашқан да Атамбаевтың өзі болатын.

Сонымен, саяси текетірес неден басталды? Маусым айының 27-сінде Қырғызстан Парламенті Атамбаевтың бұрынғы президент мәртебесінен айырып, дербес құқығын жою туралы шешім қабылдайды. Яғни оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін осындай қадамға барған. Одан кейін Атамбаевқа бірнеше айып тағылады.

Тізіп айтсақ: жер учаскелерінің мақсатты қолданысын өзгерткен; Бішкектегі Жылу-энергоорталығын жаңғырту кезінде пара алған; беделді қылмыскер Батукаевты түрмеден заңсыз босатқан; және Кой-Таш ауылында тұрғын үй салу үшін жер учаскесін заңсыз иеленген. Алайда қырғыздың бұрынғы президенті саяси қуғынға ұшырағанын айтады.

Алмазбек Атамбаев Қырғызстан Республикасының бұрынғы президенті /2011-2017 жж./:

– Өкінішіке қарай, билік бұл мәселені құқықтық тұрғыдан шешу керектігі жөнінде кеңесіме құлақ аспады. Мен баспасөз арқылы да, ресми түрде де жазбаша жауап беруді ұсындым. Тіпті кеше менің өкілім Ішкі істер министрлігінде болып, жазбаша куәлігімді алуды сұраған еді. Мен кез келген сұраққа жауап беруге дайынмын. Өйткені Батукаевқа қатысты өз тарапымнан ешқандай жемқорлық болған жоқ. Бұл туралы Сооронбай Жээнбеков өте жақсы біледі. Мен бұл туралы оған өзім айтқан болатынмын. Бірақ мына бассыздық таңқалдырды.

О баста Қырғызстанның бұрынғы президенті өзіне тағылған бірнеше айыбы бойынша куәгер ретінде тартылмақ еді. Бірақ соңғы оқиғаларға байланысты ол ресми түрде жасаған қылмысы үшін айыпты деген танылып отыр.

Бұл жағдай көрші елдің экономикасына әсер етпей қоймайды. Бұл ретте Қырғызстан нарықтары қауымдастығының президенті Сергей Пономаревтің пікірін тыңдап көрсек.

Сергей Пономарев, Қырғызстан нарықтары қауымдастығының президенті:

– Саяси тұрақсыздық жайлаған жерде экономикалық тұрақсыздық орнайды. Себебі олар бір-бірімен сабақтас. Бұл өз кезегінде экономикалық шығындарға әкеліп соғады. Туристік маусымға тоқталар болсақ, әрине, қазір көбі Қырғызстанға бармауға тырысады. Өйткені адамдар ол жерге ең алдымен демалу үшін барады, мұндай жағдайда ешкім басын қатерге тіккісі келмейді. Туризм саласында еңбек ететін азаматтар әлеуметтік желіде осыны айтып дабыл қағуда.

Қырғызстандағы саяси ахуал сәт сайын құбылуда. Дегенмен арнамыздың халықаралық жаңалықтар бөлімі бұл мәселені жіті назарда ұстап отыр. Көрші елдегі соңғы ақпаратпен алдағы сағаттарда бөлісетін боламыз.

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы