385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алмазбек Атамбаев құқық қорғау органдарына өз еркімен берілді

  • 290
  • UPD: 23:10, 08.08.2019

Әскерилер оны Кой-Ташта орналасқан резиденциясынан алып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы 24.kg агенттігі хабарлады. Қазір Атамбаевты Бішкекке, яғни Ішкі істер министрлігінің тергеу қызметіне жауап алу үшін апара жатыр. Бұрынғы президенттің жанында жақтастары Кундуз Жолдубаева мен Фарид Ниязов бар.

Айта кетейік, Кой-Ташта бүгін резиденцияны басып алу операциясының екінші кезеңі жүргізілген болатын. Бірнеше сағатқа созылған келіссөздерден соң, Атамбаев өз еркімен берілу шешімін қабылдаған. Себебін бейбіт тұрғындардың өмірін қатерге тікпеу деп түсіндірді экс-президенттің штабы.

Еске салайық, кеше кешкісін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы Қырғызстанның бұрынғы басшысы Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын бастаған еді. Нәтижесінде экс-президент жақтастары мен әскерилер арасында қақтығыс болып, бір адам қаза тапты. Тағы 50 шақты адам түрлі деңгейде жарақат алған.    

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының президенті:

– Кешегі оқиға бойынша барлық кінәлілер жазаланады. Қылмыстық іс қозғалды. Атамбаев ел конституциясы мен заңды бұзды. Ол бұған дейін куәгер ретінде тергеуге шақырылса, енді ауыр қылмыс жасаған айыпталушыға айналды. Бұл – екі адамның текетіресі емес, мемлекет мүддесінен жеке мүддені жоғары қойып, бассыздыққа жол беру.

Хабар 24 телеарнасы