Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытша тергеу изоляторына қамалды.
Бұл туралы оның адвокаты Сергей Слесарев хабарлады. Оның айтуынша, Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне судья шақырылып, шұғыл түрде отырыс өткізген. Соттың шешімімен Атамбаев 26 тамызға дейін яғни, тергеу жұмыстары біткенге дейін қамауда болады. Қорғаушының сөзінше, қазір ішкі істер министрлігінің тергеушілері бұрынғы президентке қылмыс әлемінің белсендісі саналатын Азиз Батукаевты заңсыз босатты деген айып тағып отыр. Атамбаевқа тағылған өзге де айыптар жайында нақты ақпарат жоқ. Естеріңізге сала кетейік, 7 тамызда Қырғызстанның арнайы жасағы оны ұстау бойынша арнайы операция жүргізген болатын, салдарынан арнайы жасақтың 1 сарбазы мерт болып, 98 азамат жарақат алды.