386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-тағы келімсектер қудалауға ұшырады

  • 140
  • UPD: 20:02, 09.08.2019

АҚШ-тың көші-қон ведомствосы рейд кезінде ұсталған 300 иммигрантты босатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сәрсенбі күні Миссисипи штатында жаппай рейд барысында 700-ге жуық адам тұтқынға алынған еді. Олардың дені – плантация басындағы қара жұмысшылар. Азаматтық куәлігі жоқ болғандықтан, арнайы иммиграциялық жасақ оларды тергеуге алып кеткен.

Зардап шеккендер жайлы ақпарат жоқ. Алайда жұмысшы иммигранттардың бала-шағасының қараусыз қалуы қоғамда дау тудырды.

Миссисипидегі иммигранттраға қарсы жаппай рейд туралы не білеміз? АҚШ Президенті Дональд Трамп қанды қырғын болған Ел-Пасо қаласына келмес бұрын арнайы иммиграциялық жасақ бұл маңды заңсыз келімсектерден арылтуға кіріскен. Рейд штаттың бес бірдей қаласында жүргізілді. Нәтижесінде, Бэй срингс, Кантон, Карсаж, Мортон және Себастополь елді мекендерінде орналасқан құс фермаларының жұмысы тоқтады. Өйткені ол жерде 600-ге жуық латынамерикалық еңбек етіп жатқан еді. Мәлім болғандай, олардың арасында 107 Мексика азаматы бар.

Марсело Эбрард, Мексика сыртқы істер министрі:

– Кеше тұтқынға алынған азаматтарға Мексика үкіметі заң тұрғысынан қол ұшын созады. Алдағы уақытта олардың құқықтық мәртебесін анықтап, тиісті іс-шара өткізетін боламыз. Тұтқындалған азаматтарды қай жерге жіберілетіні жайлы хабардар ететін боламыз. Олар көмексіз қалмайды.

Билік басына келгелі Ақ Үй басшысы Дональд Трамп заңсыз келімсектермен күресті мықтап қолға алғаны белгілі. Естеріңізде болса, маусым айында құжаты жоқтарды елден қуатынын айтып ескерткен еді. Әдеттегідей, твиттер парақшасы арқылы миллиондаған иммигрант АҚШ-қа жол тауып қалай келсе, солай кері қайтады деген болатын. Және бұл науқан маусым айының екінші бөлігіне жоспарланды. Ия Президент айтты, арнайы жасақ кеш болса да, іске кірісті. Қоғам белсенділері бұған қарсы шықты. Олардың пікірінше, Миссисипиді дүрліктірген рейд фашистердің әрекетіне пара-пар. 

Джерри Тобин, пастор:

– Бұл – миға кіріп-шықпайтын әрекет. 2001 жылы Иммиграциялық және кедендік қамту агенттігі құрылды. Олардың қызметі гестапоның ісіне ұқсайды. Кезінде Гестапоның қандай үрей тудырғаны есімде. Қазір дәл сол уақытқа қайта түскендей болдық.

Түптеп келгенде, Дональд Трамп АҚШ-ға ағылған мигранттар нөпірін тоқтатудың стратегиясын ойластырып қойған. Ол – қауіпсіз үшінші ел келісімі. Бұдан былай пана сұраған келімсектер өтінішін тікелей АҚШ-тың көші-қон органы емес, Гватемала арқылы жіберуі тиіс. Яғни Сальвадор және Гондурастан үдере көшкен мигранттардың тағдыры енді осы елге бағынышты болып қалды. Арман қуып, Америка асқысы келген Гватемала тұрғындары қос ел арасындағы бұл келісімге қарсы. Заңды түрде көшу үрдісі онсыз да қиын олар үшін АҚШ-қа мүлде жол жабылып қалғандай болды. 

Альдо Гарсия, депутат:

– АҚШ-пен келісімді қолға алып, ақыры соңында оны бекіткен Джимми Моралес үкіметі мен екі министрдің шешімі дұрыс болмады. Мигранттардың мәселесі күрделене түсті. Біз одан ешнәрсе ұтпаймыз.

Миссисипи штатының әкімшілігі мектеп және балабақшада қалып қойған бүлдіршіндерді қамқорлыққа алды. Заңды құжаттары жоқ ата-ананың жағдайы біржақты болған соң, иммиграция және кедендік қамту агенттігі олардың заңдық мәртебесін анықтауға көшеді. Алайда қарапайым тұрғындар әлеуметтік желіде шу көтеріп, әділдікті талап етуде.

Жалпы АҚШ-тағы миграция мәселесі – күрмеуі қиын түйткілдердің бірі. Дегенмен Америка соңғы 20 жылда заңсыз келімсектерден біршама арылған. Пью зерттеу орталығының мәліметі бойынша, осыдан 10 жыл бұрын ресми құжаты жоқ азаматтар саны 12 миллионға жеткен еді. Былтыр бұл көрсеткіш 2 милионға қысқарды. Осылайша, АҚШ-тың бірнеше штатындағы иммигранттардың үлесі кемігені байқалады. Тек Луизиана, Мэриленд, Дакота және Масачусетс штаттарында заңды рұқсаты жоқ келімсектердің саны артқан.

Трамп діттеген мақсатына әзірге жете алған жоқ. Өйткені қорған тұрғызуға тиісті қаражатты Конгрес бюджет жобасына енгізбей қойған. Есесіне, Конгресс шекарадағы дағдарысты шешу үшін 4 миллиардтан астам қаражат бөлді. Сондықтан Трамп ең болмаса ел ішінде жүрген мигранттарды кері қайтаруға тырысып жатыр. Өйткені, сайлауалды науқан кезінде берген уәдесін орындай алмаса, келесі жылғы сайлауда елдің сенімінен шығуы екіталай.

Хабар 24 телеарнасы