386,91 428,03 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияның төріне Ұлы Абайдың ескерткіші қойылған

  • 265
  • UPD: 22:13, 10.08.2019

Абай Құнанбайұлы қазақтың ұлы ақыны ғана емес, күллі түркі жұртының ортақ тұлғасы. Дана ойшылдың асыл мұрасына айналған шығармалары бүгінде әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған.

Соның ішінде түрік тілінде де жарық көрген. Сондай-ақ Ыстамбұл қаласында абзал ақынның ескерткіші бой көтеріп, өзге бірқатар қалаларда көшелерге есімі берілген.

Түркиядағы отандастарымыз үшін Абай мектебінің орны айырықша. Себебі, оқу ордасының тұсау кесерін елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қиып, Түркиядағы қазақтардың қамқоршысы екенін көрсетті. Бүгінде, Абай мектебінде 500-ден астам оқушы білім алады. Оның жартысына жуығы жергілікті қазақтар. Сондай-ақ, мектеп қабырғасында қазақ ұлттық би үйірмесі жұмыс істейді.

Мелек Гүл Эйгүн, Абай атындағы мектеп директоры:

- Мектепке 2003 жылы Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Неге Абай деп аталды? Өйткені Ыстамбұлдағы Зейтинбурну шағын ауданының басым тұрғындары қазақ диаспорасынан құралған. Сондай-ақ мектебімізде оқитын оқушылардың 40%-і қазақтар. Сол себепті мектептің қазақ ақынының атымен аталуы заңды.

Түркиядағы қазақтар ұлы ойшылдың шығармаларын жатқа айтып, қара сөздерде айтылған тәрбиелік және танымдық тұстарынан үлгі алады. 

Ертолқын Ғайреттуллах, қазақ-түрік білім және зерттеу қоғамы төрағасының орынбасары:

- Біз шетелде жүрсек те Абай Құнанбаевтың өлеңдерін, қара сөздері мен насихаттарын үйреніп, жаттап жүруге тырысамыз. Әр қара сөзі мен өлеңдерінде үлкен мағына жатыр. Өзі осыдан 175 жыл бұрын туса да, айтқан сөздерінің бәрі қазіргі дүниеге сай келеді. 

Ұлы ақынның ескерткіші Түркияның төрінде де менмұндалап тұр. Ыстамбұлдағы Абай мектебіне орнатылған ескерткішке 16 жыл болыпты. Осыған байланысты Түркиядағы еліміздің елшілігі оны қайтадан жөндеуден өткізіп, алдағы күндерде салтанатты рәсіммен ашуды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы