386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинадағы сайлаулар баспана нарығына кері әсер етті

  • 86
  • UPD: 11:05, 12.08.2019

Украинадағы Президент және Парламент сайлауы елдегі жылжымайтын мүлік нарығына кері әсер еткен.

Саяси науқан кезінде баспана саудасы тұралап қалды. Киев қаласындағы бір шаршы метрдің құны орташа есеппен 800 доллардан 2 мың долларға дейін сатылады. Алайда күз мезгілі кезінде пәтер алушылардың белсенділігі артады деп болжайды мамандар.

Тамыз айы басталғалы Украинаның ұлттық ақшасы – гривна бағамы тұрақты. Қазіргі күні 1 АҚШ долларының құны 25 гривна 50 тиын. Айталық, қаңтар айында ғана доллар құны 28 гривна 60 тиын болған еді. Бірақ мұндағы жылжымайтын мүлік нарығында қозғалыс жоқ. Осыған байланысты «Күзде сауда қайта қызады» деп болжайтындар аз емес.

Глеб Шемовнев, құрылыс компаниясының баспасөз хатшысы:

- Гривнаның соңғы айда тұрақтай түскенін байқаймыз. Доллардың құны өткен айлармен салыстырғанда төмендеді. Шаршы метрдің бағасын доллармен саудалайтын ел тұрғындары курс бағасының өскенін күтеді.

Тұрғын үй саласында сауда жүрмей тұрғанмен Киевтегі пәтер құнында өзгеріс жоқ, - дейді мамандар. Мұнда қазір кешенді құрылыстың дәурені жүріп тұр. «Ақылды үй» яғни тиімді, қауіпсіз әрі қолайлы етіп салынған жаңа типті үйлерге сұраныс қашанда жоғары.

Сергей Локоть, жекеменшік құрылыс компаниясының сауда және маркетинг департаменті басшысының орынбасары:

- Орташа есеппен алғанда шаршы метрдің бағасы 17-18 мың гривна, яғни 800 доллар. Бұл қаланың шеткері аймағы, эконом класстағы пәтерлер. Орталыққа жақындаған сайын үйлер де қымбаттай түседі. Пәтер бағасы көп құбылған жоқ. Орталықта шаршы метрі 2 мың долларға дейін жетеді.

Қаржысын доллар емес ұлттық ақшамен жинайтын әлеумет үшін жаз мезгілінде пәтер алу тиімді дейді нарықтағы мамандар. Өйткені күзде пәтерге сұраныс артады, ал сұраныс бар жерде бағаның өсетіні белгілі.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы