385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда қала орталығына жақын орналасқан пәтерді жалдау қымбат тұрады

  • 78
  • UPD: 14:13, 12.08.2019

Пәтер қала орталығына жақын болған сайын бағасы да жоғарылай беретіні рас. Осы қағидат Грузия астанасында аксиомаға айналғалы қашан.

Көпқабатты үйлердегі мансардалар да сәнге айналып отыр. Туристік мемлекет болған соң, баспана жалдау қарқын алған. Жергілікті тұрғындары мен қонақтарының талаптары да ұқсас. Көпшілік терезесінің тау мен өзенге қарап  тұрғанын қалайды. Тбилисиде шаршы метр бағасы 500 бен 1000 доллар аралығында құбылады. Алайда сарапшылардың айтуынша, соңғы кезде жылжымайтын мүлік нарығындағы сатылым саны едәуір кеміген. Мұның екі негізгі себебі бар. Біріншісі, ипотекалық несие беруді күрделендірген банктік реттеулер болса, екіншісі, құрылыс саласындағы ереже-талаптардың жоғарылауы. Соңғысының кесірінен көптеген нысанның құрылысы тоқтап тұр. Осыған байланысты құрылысшылардың қызметі мен баспана бағасы шарықтап кеткен. Өткен жылы шетелдіктер арасында сұраныс артқан болатын. ТМД ішінде Ресей, Украина, Белорусь пен Қазақстан елдері көш бастаған еді. Ізінше кәрі құрлық елдері мен АҚШ және Израиль келеді. Әрбір шетелдік азамат үшін Грузияда баспана сатып алу теориялық тұрғыда қиын емес. Бар болғаны жеке басты куәландыратын төлқұжат және ақша керек дерсіз. Бірақ сарапшылар бұл жағдайдың да қаз қалпында қалмайтынын жасырмайды.

Уча Закашвили, заң ғылымдарының докторы:

- Былтыр Грузияда жергілікті тұрғындар баспана сатып алуда белсенділік танытқан еді. Алайда кейінгі уақытта шетелдіктер де қалыспай келеді. Олар үй ғана емес сауда алаңдарына да көз сала бастаған. Бірақ қазір, банктік реттеулерге байланысты, Грузия азаматтығын алып үлгермегендер үшін жылжымайтын мүлік сатып алу оңайға соғып жатқан жоқ. Белгілі бір шектеулердің пайда болғаны рас. Ал кейбір елдердің өкілдері елге тіпті инвестиция құю мүмкіндігінен айырылып отыр. Өйткені талап күшейді. Одан бөлек саудалаушылар жергілікті тұрғындарға қарағанда шетелдіктерден көбірек сұрайды. Бұл, орта бизнестің дамуына кері әсерін тигізіп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы