385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ливия: Оқ атпау туралы уақытша келісім бұзылды

  • 180
  • UPD: 22:20, 12.08.2019

Ливиядағы жағдай күн санап ушығып жатыр.

Бұл жолы Триполиде орналасқан Митига халықаралық әуежайына шабуыл жасалған. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл істің артында генерал Халифа Хафтар тұр. Осылайша Хафтар осымен екінші мәрте уақытша оқ атпау келісімді бұзған. Естеріңізде болса, тараптар мұсылмандар мерекесі Құрбан айт кезінде қарулы қақтығыс жүргізбеуге келіскен еді.

Құрбан шалуға ниеттенген халық шабуыл жайлы естіп, есеңгіреп қалғаны анық. Ал зардап шеккендер туралы әлі ресми ақпар жоқ. Дегенмен халықаралық әуежайдың жұмысы тоқтап тұрғаны мәлім.

Мұқтаждың мұңы ескеріліп, арадағы араздық жойылатын мерекеде Ливия халқы есеңгіреп қалды. Себебі Триполидің шығысына қарай 11 шақырым жерде орналасқан халықаралық әуежайға зымыран атылған. Бұл туралы Митига әуежайы Фэйсбуктағы парақшасында мәлімдеді. Онда жарияланған суретке сай реактивті зымыран ұшу-қону жолағына түскен. Әуежай аумағы халықаралық қолдау тапқан үкіметтің бақылауында болғандықтан, шабуылды генерал Халифа Хафтардың әскерлері жасады деген болжам бар.

Өкінішке қарай, Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні Митига халықаралық әуежайына шабуыл жасалды. Жоспарланған барлық рейстер тоқтатылды. Әуежай әзірге белгісіз мерзімге жабылды.

Бұл оқиғадан кейін әлем елдері қасиетті мерекеде айуандыққа барғандарды айыптап жатыр. Одан бөлек, Хафтардың әрекеті уақытша келісімді тағы да бұзғанын аңғартады. Естеріңізде болса, БҰҰ-ның бастауымен Құрбан айт мерекесі кезінде, яғни 11-і мен 14 тамыз аралығында тараптар қарулы қақтығыс жүргізбеуге уәделескен еді. Ұзаққа созылған келіссөздерден кейін ұлттық келісім үкіметі уақытша оқ атпауға сөз берген. Ізінше, әлем елдері бұл уақытша келісім ұзаққа созыларына сенім білдірген еді. Бірақ көріп тұрғаныңыздай, қуаныш көпке созылмады.  

Гассан Саламе, Ливиядағы БҰҰ елшісі:

– Ливиядағы қарулы қақтығыстар кезінде адам құқығы бұзылып, әлеуметтік құқық туралы заңдар аяққа тапталып жатыр. Тараптар өз мүдделерін қорғап, елдің астан-кестеңін шығарғанын байқамай отыр. Тіпті зымыран, ұшқышсыз басқарылатын қарулы шабуылдарды шетелдіктердің қолдауымен жүзеге асырып отыр. Уақытша келісім кезінде өзге мемлекеттер Ливиядағы жақтастарына қару тасымалын тоқтатсын деп талап еткен едік. Олай болмағанға ұқсайды.

БҰҰ-ның Ливиядағы елшісі Гассан Саламенің ашуланатын да жөні бар. Себебі Құрбан айт кезінде уақытша оқ атпау туралы келісімге келу үшін халықаралық ұйым қолдан келгенін жасаған еді. Тіпті осы мәселе бойынша Ливияға барған ұйымның үш қызметкерінен айырылды. Айта кетейік, оныншы тамыз күні өңірдегі жағдайды реттеуге келген БҰҰ қызметкерлерінің көлігі жарылған болатын. Салдарынан Бенгази қаласында ұйымның үш қызметкері көз жұмып, оншақты адам зардап шеккен.

Карен Пирс, Ұлыбританиядағы БҰҰ елшісі:

– Қасиетті мерекеде бейбіт халық үшін тыныштық сыйлауға барған БҰҰ мамандарына шабуыл жасалды. Бұл барып тұрған айуандық. Қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз. Және де бұл оқиғаға жауаптыларды табу үшін тергеу жүргізетін боламыз. Кінәлілер жазасын тартатын болады.

БҰҰ осы оқиғалардан кейін шұғыл түрде кеңес өткізуді жоспарлап отыр. Франция, АҚШ тараптары өздерінің алаңдаушылығын білдірді. Сондай-ақ оқ атпау туралы уақытша келісімнің шарттарын орындауға шақырды.

Анна Гёген, БҰҰ жанындағы Францияның тұрақты өкілі:

– Ливиядағы шиеленіс күн санап ушығып барады. БҰҰ қызметкрелеріне шабуыл, уақытша келісімнің бұзылуы. Бұл оқиғаларға нүкте қою керек. Себебі зардабын бейбіт халық тартып отыр. Тараптарды зорлық-зомбылықты доғаруға шақырамын. Шиеліністі қарулы қақтығыспен шешуге болмайды.

Осылайша өңірдегі ахуал нашарлап барады. Ең сорақысы билікке таластан туындаған қақтығыс қарапайым адамдардың өміріне қауіп болып тұр. Халифа Хавтардың «Триполиді басып алу» операциясы басталғалы бері мыңнан астам адам көз жұмған. Тағы 5,5 мың тұрғын тұрлі деңгейде жарақат алған.

Хабар 24 телеарнасы