386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ирандық кино несімен ерекше

  • 113
  • UPD: 09:34, 14.08.2019
Ирандық кино несімен ерекше

Бүгінгі кинематографияда Иран ұсынған фильмдер сыншылар тарапынан жоғары бағаланып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біреулер оны үнді Болливудымен салыстырып жатса, енді бірі тегерандық артхаусты теңдессіз туынды қатарына қояды. Қалай болғанда да, соңғы жылдары Иран режиссерлерінің еңбегі шартарапты шарлап, көпке мәлім болды. Тіпті кей фильмдер Оскар сыйлығын да жеңіп алды.

Иран кинематографиясы өткен ғасырдың басынан тамыр алады. Алайда ел аумағында ұзақ жылдар бойы шетелдік туындылар ғана көрсетіліп келді. Тек 1930 жылы ғана Иран халқы тұңғыш отандық өнімді тамашалады. Ол Аванес Оханианның «Аби мен Раби» атты туындысы болды. Сол кездері жергілікті режиссерлер мен актерлер көбіне үнді еліндегі әріптестерінің тәжірибелеріне үңіліп, жіті назарда ұстаған. Сондықтан болар, бүгіннің өзінде көптеген өнертанушы Иранның қазіргі заманауи кинематографиясынан үнді кино шеберлерімен үндестікті байқайды. Бұған қоса, елдегі кино сыншылары да отандық фильмдерді Болливуд өнімімен салыстырады. Бірінші кезекте санға мән береді. Жалпы орташа есеппен Иранда жыл сайын 30-50 аралығында толықметражды фильм түсіріледі. 

Матин Сутудэ, актриса:

– Соңғы уақытта Иран киносы әлемде кеңінен таныла бастады. Елімізде жаһанға танылған режиссерлер бар. Олардың еңбектеріне әлемдік өнер майталмандары өз бағаларын беріп жатыр. Жалпы Иран халқы өте талантты. Олар бәсекеге қабілетті және әлемдік қауымдастыққа ұялмай көрсетуге болатын киноларды жарыққа шығарады.

Кино өндірісіне келер болсақ, Иранда туындылардың басым бөлігі жекеменшік студияларда түсіріледі. Бірақ алдымен жергілікті мәдениет министрлігінен рұқсат алу қажет. Және ол цензорлық бақылауда болады. Соған қарамастан түсіріліп жатқан фильмдердің жанрлық жағы әр түрлі. Олардың қатарында детектив те, комедия да, отбасылық қарым-қатынасты қаузайтын әлеуметтік драмалар да бар. Жалпы Иран елінде отбасы басты құндылық саналады. Сондықтан дәл осы фильмдер арқылы отбасы иниститутын насихаттауға ерекше көңіл бөлінген.

Сеед Аббасбехбуди, режиссер:

– Иран киносы елімізде ұйымдастырылатын халықаралық «Фаджр» кинофестивалі арқасында да кеңінен танылды. Бұл фестивальде әрдайым тек ең мықты туындылар көрсетіледі. Бірақ төл туындыларымызды таныту мақсатында өзіміз де шекара асып тұрамыз. Мәселен, режиссер Асгар Фарахади елімізге Оскар сыйлығын сыйлады. Ал Аббаси Киаростами халықаралық фестивальдердің жүлдегері болды. Бұған қоса, Резв Наджи есімді актеріміз Канн кинофестивалінде жүлделі орынды иеленді. Жалпы бүгінгі таңда Иран киносы қарыштап болмаса да, қадымдап дамып жатыр.

Соңғы жылдары Иранда қысқаметражды фильмдер де қарқынды дамып келеді. Елдегі жас режиссерлер қысқа роликтер түсіруге белсене кіріскен. Осылайша, жас буын өз елінде ғана емес, әлемдік деңгейде де беделге ие өнер иесі ретінде танылуды мақсат тұтқан.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша и Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы