386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Магнитогорскіде толассыз жауған жауын соңы су тасқынына ұласты

  • 103
  • UPD: 20:18, 14.08.2019

Биылғы жаз әлемнің көптеген елдерін әбігерге салып тұр. Ресейдің Магнитогорск қаласында толассыз жауған жауын соңы су тасқынына ұласты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, Үндістанда лай көшкінінен қаза тапқандардың саны артты. Қытай болса, «Лекима» тайфунынан келген шығын көлемін есептеп жатыр.

Соңғы ақпарлар бойынша Үндістанда су тасқыны құрбандарының саны тағы артқан. Су тасқынынан барлығы 202 адам ажал құшты.

Магнитогорскіде төрт сағат бойы толассыз жауған жауын тұрғындарды әбден тығырыққа тіреді.

Көшелер, тұрғын үйлердің кіребестері, тіпті көпірлер су астында қалған. Шаһардың кей аумақтарында көше көлге айналып, көліктер көрінбей қалды. Ресми ақпарларға сай, өңірге жаңбырдың айлық нормасының 80%-і түскен. Челябинск облысына қарасты бұл қалада күн бүгінде қолайсыз болатын түрі бар.

 

Үндістанда су тасқынынан ажал құшқандар саны 220-ға жетті

Ал, Үндістанның оңтүстігіндегі табиғат апатынан ажал құшқандардың саны 220-ға жетті. Ресми ақпарларға сай, су астында қалған өңірлерден 1,2 млн тұрғын эвакуацияланды. Қазір олар уақытша орталықтарға орнластырылған.

Айта кетейік, өткен аптада Үндістанда маусымдық жел тұрып, соңы су тасқынына әкеліп соққан. Салдарынан туристер ең көп баратын Керала штатында жағдай қиындаған. Карнатака, Махараштра аудандарында да көптеген үйлер мен жолдар су астында қалды. Жалпы екі күн үшінде Үндістанда ірілі-ұсақты 80-дей су тасқыны болған. Көптеген аудандарда қауіптіліктің «қызыл деңгей» жарияланды.

Ажет Патакунди, жергілікті тұрғын:

- Бұл сұмдықтың жалғасып жатқанынна 5-6 күн болды. Барлығымыз су басып қалған ауылдарда қалып қойдық. Ол жерде жануарлар да бар. Тұрғындар әбіржіп кетті. Айналаны су басып жатыр. Үйлерден түк қалмады тіпті.

Сиддавана, аудан офицері:

Құрбандардың саны күн санап артуы мүмкін. Себебі құтқару-іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Құтқарушылар қолдан келгенін жасап, адамдарды қауіпсіз жерге көшіруде. Тұрғындарды сабыр сақтауға шақырамыз.

 

Қытайда «Лекима» тайфуны 49 адамның өмірін жалмады

Қытайдың шығысындағы Чжэцзян, Шаньдун және Аньхой өңірлерінде де жағдай мәз емес. Мұнда «Лекима» тайфунынан қаза тапқандардың саны 49-ға жеткен. Тағы 21 адам ұшты-күйлі жоғалып кеткен.

«Лекима» - өңірге келген тоғызыншы тайфун. Салдарынан 2 млн тұрғын эвакуацияланды. 996 мың гектар астық алқабынан түк қалмады. Шығын көлемі 3,4 млрд долларға жетті. Сондай-ақ сенбі күні басталған жауын аралас жел 13 мың үйдің астан-кестеңін шығарған.

Ван Синьвэй, Чжецзян округі басшысының орынбасары:

-Зардап шеккендерді қауіпсіз жерге көшірдік. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Осы аймақта құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқандарды бастауыш мектептерге орналастырдық. Тамақ және қажетті заттармен қамтып отырмыз.

 

Венада долы дауыл ойран салды

Австрия тұрғындарын аптап ыстықтан кейін долы дауыл әбігерге салған.

Қазір Венада қатты жел тұрып, жауын селдетіп тұр. Салдарынан жерасты өткелдері суға толып, көшедегі ағаштар құлап жатыр. Жергілікті ақпарат көздерінің хабарлауынша, күн райы қас-қағым сәтте өзгерген. Табиғат апатынан мерт болғандар жайлы әлі ақпарат түскен жоқ.

Хабар 24 телеарнасы