386,01 428,94 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израиль Иранға қарсы арабтармен тізе біріктірді

  • 146
  • UPD: 15:59, 15.08.2019

Израиль Иранға қарсы одаққа қосылды. Жаңалық Таяу Шығысты дүр сілкіндірді. Араб елдері бұл мемлекетпен Иранға қарсы баяғыдан бірлесіп әрекет етпек болғаны анықталды. 

Иран жанталаса қарулануда. Жақында қанатты зымырандар мен заманауи радарларды сынақтан өткізді. Бұл құралдар алыс қашықтағы зымырандарды анықтап, бақылай алады. Сөйтіп, Тегеран соғысқа дайын екенін мәлімдеп отыр. Бірақ келіссөзді де қолдайтынын айтады. 

Хасан Рухани, Иран президенті:

- АҚШ келіссөз жүргізгісі келсе, ең алдымен санкцияны алып тастауы тиіс. Ядролық келісімді талқылауға біз қарсы емеспіз. Бірақ олар шектеу шараларынан бас тартуы қажет. Өйткені бұл қылмыс. Ал біз қылмыскерлермен кездескіміз келмейді. 

Қазір Парсы шығанағы соғыс алдындағы жағдайға ұқсайды. АҚШ аймақтағы теңіз әскерін күшейтіп, оған ағылшын кемелері мен теңіз-жаяу әскері қосылды. Бірақ Вашингтгон қызыл сызықты кесіп өтпей, Ираның келіссөз жүргізуіне мүмкіндік жасап отыр.

Морган Ортагус, АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі:

- Президент Дональд Трамп мен Мемлекеттік хатшы Майк Помпео Иранмен ешқандай шартсыз келіссөз жүргізуге дайын екенін талай мәрте айтты. Бұл ұсыныс күшінде. Егер Аятолла мен Рухани келісімді қаласа біз оларды тыңдауға дайынбыз.

Осындай жағдайда Израиль Иранға қарсы одаққа қосылғандығы жөнінде хабар тарады. Оның ішінде Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бар. Бұл Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы тар өткел. Тегеран оны қақтығыс болса жабатынын айтып, сес көрсетуде. Жалпы Иран Йеменнен Ливанға дейінгі аймақта «шииттік доға» құруға ұмтылуда.

Цви Зильбер, журналист:

- Иран Йеменде гибридтік соғыс жүргізіп, ал Сирияда жергілікті үкіметке қолдауын жалғастыруда. Бұл елдің жасақтары Ресейден көмек келгенше Асад билігін құлаудан сақтап қалды. Ал Иракта Иран нығайып келеді. 

Соңғы уақытта араб елдерінің делегациясы Израильге жиілеп, ал премьер-министр Беньямин Нетаньяху Оманға ресми сапармен барып қайтты. 10 жыл бұрын мұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған емес.

Беньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Мен Израильмен дипломатиялық қатынас орнатпаған араб елдері журналистерімен кездестім. Олардың көбі Израиль мемлекетімен байланысты нығайтуға мүдделі екендерін жеткізді.

Соңғы ақпардан Израиль ұшақтары Қызыл теңізді әуеден барлап, ирандық әскерилердің қимылын бақылап отырғаны белгілі болды. Бұл мәліметтер одақтас елдерге бірден жеткізілуде. Ал Мосадтың құпия ақпары Иранның Парсы шығанағындағы мұнай танкерлеріне шабуылға қатысы бар екенін дәлелдеген.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы