386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сеул мен Токио неге келіспей қалды?

  • 129
  • UPD: 21:56, 15.08.2019

Оңтүстік Корея халқы төпеп тұрған жауынға қарамастан, Сеулдегі Кван-Хвамун алаңына жиылды.

Бүгін елдің жапон басқыншыларынан тәуелсіздік алғанына 74 жыл. Бірақ шеруге шыққан халықта мерекелік көңіл-күй жоқ. Керісінше,Жапония саясатына наразылығын білдіріп жатыр. Тіпті «премьер-министр Абэ кешірім сұрауы керек!» деген талап қойған ереулшілер де болды. Айта кетейік, соңғы уақытта екі ел арасындағы жағдай ушығып тұр. Тіпті тараптар сауда соғысына дейін барды.

Оңтүстік Корея да жауап ретінде Токионы сенімді серіктестер тізімінен шығарып тастады. Енді кореялықтар қаржылай өтемақы талап етіп жатыр.

Бүгін – Кореяның Жапония құлдығынан босап, тәуелсіздік алған күні. Айтулы датаны атап өту үшін оңтүстіккореялықтар Сеул қалалық мэриясы мен Кванхвамун алаңына шеруге шықты. Мерекелік емес, нақтырақ ереуіл дер едік мұны. Себебі 1910-1945 жылдары кореялықтар Жапония құлдығында болғанда талай қиындықты бастан өткерген. Заңсыз еңбекке жегіліп, әйелдері зорлық-зомбылық көрді. Сол себепті де Токиодан қаржылай өтемақы талап етіп отыр. Одан бөлек, тараптар арасындағы сауда соғысы тағы бар. Еске сала кетейік, екінші тамызда Жапония үкіметі Корея Республикасын сенімді серіктестер тізімінен шығарып, өндіріс шикізаттарына шектеу қояды.

Ли Ён Хи, ереуілші:

– Бүгін тәуелсіздік алғанымызға 74 жыл толды. Соғыс жылдарында күшпен еңбекке жегілгендер өтемақы талап етуде. Жапония тарапы болса, бұған жауап ретінде экономикалық қысым жасап отыр. Біз айтқанымыздан қайтпаймыз. Жапония билігі кешірім сұрап, өтемақыны төлейтін болсын.

Сондай-ақ Сеулде Токио тарапынан жыныстық құлдыққа тартылған құрбандарды еске алу мақсатында мемориалды кешен орнатылды. Оның ашылу салтанатында құлдықта болып, азап шеккендер премьер Синдзо Абэнің саясатын сынға алып, кешірім сұрауын талап етті.

Ким Чен Джу, құлдықтан аман қалған оңтүстіккореялық тұрғын:

– Мен Жапонияда болғанда аштықтан шөп шеуге дейін барғанмын. Біздің көрген қорлығымызды Абэ осы күнге дейін жасырып келеді. Оңтүстік Кореяның еш жазығы жоқ. Барлығына Абэнің өзі кінәлі. Олар бізді күштеп жұмысқа жекті. Көрген қорлығымыз үшін бізден кешірім сұрап, өтемақы төлейтін болсын. Жапондықтар осындай азапты бастан кешсе, олар да мұндай жайтты жазасыз қалдырмас еді.

Ал Жапония тарапы бұл айыптауларға көңіл аударып та жатқан жоқ. Керісінше халқы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын тойлап, ата-бабаларына тағзым етуде. Министрлер кабинеті мен үкімет болса, Ясукуни шіркеуіне барып қайтты. Олар Сеулдің серіктестер қатарынан Токионы шығаруы мүлдем орынсыз дейді. Сол себепті қандай да мәлімдеме жасауға асықпайтындықтарын жеткізді.

Ёсихидэ Суга, Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы:

– Осы жолы Оңтүстік Кореяның көздегені не екенін әзірге түсініксіз. Сондықтан бұл мәселе бойынша қандай да бір түсініктеме беруден бас тартамын. Бір айтарым тараптар кез келген шешімді сабырлықпен қабылдау керек деп ойлаймын.

Владислав Цой, тілші:

– Халық Сеулдың басты алаңында әлі жүр. Мұнда концерт өтіп жатыр. Жалпы бүгін алаңға отыз мыңнан астам адам шықты. Олардың алдында Жапон мекемелерінде жұмыс істеген, тоқсаннан асқан әжей сөз сөйлеп, Жапония саясатын сынады. Баннерлерде «Абе кешірім сұрап, өтемақы төлеуі керек» және «Мәжбүрлеп пайдалану үшін кешірім сұрауы керек» деген жазулар бар. Ереуілшілер осылайша, Жапонияға қарсы шығып, наразылық білдіруде. Десе де, акциялар ешқандай заң бұзушылықсыз, тыныш өтіп жатыр.

Корея мен Жапония арасындағы сауда қақтығысы Оңтүстік Корея экономикасына қалай әсер етеді?

Сауда соғысынан Оңтүстік Корея экономикасы қиындықтарға ұшырады. Кеше үкімет мәлімдегендей, тамыздың алғашқы он күнінде экспорт көлемі 22 процентке төмендеді. Жапониямен қақтығыс бұған ішінара әсер етті. Көбінесе нашар көрсеткіштер АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысымен байланысты. Сондай-ақ екі ел арасында рейстер он үш пайызға азайды.

Жаңа ғана келтірілген ақпарларға қарағанда сауда соғысынан екі тарап та шығынға ұшыраған. Әрине, бұл текетірестің ешкімге де абырой әкелмесі анық. Соны түсінген Оңтүстік Кореяның басшысы Мун Чже Ин алғаш рет Жапонияны ынтымақтастыққа шақырды.

Мун Чже Ин, Корея республикасының президенті:

– Ешқашан кеш емес, егер Жапония диалог және ынтымақтастық жолын таңдаса, біз қуана қосыламыз. Біз бірлесіп адал сауда мен ынтымақтастықтағы Шығыс Азияны құруға тырысамыз.

Айта кетейік, Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэ саясатын айыптайтын акцияға жеті жүзден астам қоғамдық ұйымдардың өкілдері жиналған. Шерушілер бүгін Жапония елшілігіне барып, аспанға екі жүз шар мен бейбітшілік көгершіндерін ұшырмақшы. Белсенділер Жапонияға қарсы емес, тек Синдзо Абэнің әрекеттеріне наразылық білдіріп жатқанын айтады.

Хабар 24 телеарнасы