389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ қамаған Иран танкерін Гибралтар босатып жіберді

  • 237
  • UPD: 22:29, 16.08.2019

Гибралтар соты 4 шілде күні британдық теңіз патрулі тұтқынға алған Грэйс 1 танкерін босату туралы шешімін шығарды. 

Себебі Иран үкіметі борттағы 2 млн баррель мұнайды Сирияға апармаймыз деп уәде еткен. Сот осыдан кейін көп сөзге келмей кемені босатқан. Еске сала кетейік, дәл осы танкердің ұсталуы Парсы шығанағында дау тудырған еді. Бір ай бұрын АҚШ Гибралтарға ирандық мұнай кемесі күдік тудырғанын жеткізген. Олар Грэйс 1 АҚШ-тың санкциясын айналып өтіп Сирияға қара алтын апара жатқандығын айтады. Ізінше британдық теңіз патрулі Гибралтар бұғазынан өтіп бара жатқан кемені тоқтатқан.

Фабиан Пикардо, Гибралтардың бас министрі:

- 13 тамыз күні Иран үкіметі уәде етіп, хат жолдады. Сондықтан Грэйс 1-ді тұтқында ұстаудың ешқандай себебі жоқ. Еуроодақтың санкциясына да ұшырамайды. Дегенмен, АҚШ Әділет министрлігі кемені тұтқындауға байланысты жаңа іс бастау керектігін алға тартып отыр. Бұл мәселе алдағы уақытта қаралатын болады. 

Танкердің айдынға қайта шыққаны АҚШ-қа жақпай қалғаны анық. Олар бірден Гибралтар сотының шешімін сынға алып, кемені қайта тұтқындауды талап етті. Себебі Иран мұнайды бәрібір ебін тауып Сирияға жеткізуді көздеп отыр дейді. 

Майк Помпео, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- Біз барлығын көріп отырмыз. Иран еш негізсіз Ормуз бұғазында британдық танкерді тұтқынға алғанын ұмытпау керек. Сондай-ақ қара алтынды заңсыз Сирияға жеткізетіні айдан анық. Оларға ереженің, заңның бар екенін көрсету үшін кемені қайта ұстау керек. 

Бұл айыптауларға Иран тарапы қарап жатпай, бірден жауап қатты. Сыртқы істер министрі Мохаммад-Джавад Зарифтің айтуынша АҚШ-тың бұл әрекеті - экономикалық терроризмге жатады. Трамптың ешбір дәлелсіз кемені қайта ұстауды талап етуі ашықтан ашық халықаралық құқық бұзушылық. Ашулы министр твиттер парақшасына осылай деп жазған. 

АҚШ экономикалық терроризмге барып, бізге қысым жасауды көздеп отыр. Бірақ арам ойлары іске аспады. Олар асыра сілтеп, ашық теңіздегі біздің меншігімізді тартып алмақ. Бұл қарақшылық әрекет Трамптың халықаралық заң нормаларына пысқырып та қарамайтынын аңғартады. 

Парсы шығанағындағы жағдайдың ушығуына АҚШ-тың Иран ядролық келісімінен шығып, санкцияларын қайта іске қосуы түрткі болып отыр. Тегеранға барынша қысым көрсетеміз деген Вашингтон амалын тауып «Грэйс 1» танкерін тоқтатқан. Бірақ, ирандықтар да осал жау емес. Парсы шығанағында британдық жалау көтерген «Стена Имперо» танкерін ұстайды. Сөйтіп, бұл кемеге кантрабандалық жолмен жанармай тасыды деген айып тағады. Ал АҚШ болса ізінше Еуропа елдерімен бірлесіп Ормуз бұғазында қауіпсіздікті сақтау үшін халықаралық әскери-теңіз миссиясын құратындығын мәлімдейді. 

Чарльз Гомес, заңгер:

- Мен сотқа өзім жеке қатыстым. Ирандық танкерге Еуроодақтың санкциясы салынбайтын болды. Шынында ол ешқандай заңды бұзбаған. Одан бөлек, мұнайды Сирияға жеткізбейміз деген уәдесін беріп отыр. АҚШ-тиың килігуі жеке мүддесі болуы мүмкін. 

Заңгерлер осындай пікірде. Соған қарамастан АҚШ Ормуз бұғазын өз бақылауына алуға құлықты. Тіпті бұл бастаманы Ұлыбритания мен Польша қостап та үлгерді. Ал Германия бұл әрекеттер Иранға бір жақты қысым жасау деп, миссияға қатысудан бас тартты.

Хабар 24 телеарнасы