386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үндістанның тәуелсіздік күнінде Пәкістанда жаппай шеру өтті

  • 138
  • UPD: 07:19, 17.08.2019
Үндістанның тәуелсіздік күнінде Пәкістанда жаппай шеру өтті Царьград

Үндістан тәуелсіздік күнін атап жатқанда Пәкістанда «қара күн» атты наразылық акциясы өтті.

Шеруге шыққандар Джамму мен Кашмирдің ерекше мәртебесінен айырылуына қарсылық білдірді. Оған саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен депутаттар қатысты. Жалпы, Кашмир – қашаннан Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыстың басты себебі. Бұл штатты автономиядан айыруға Пәкістан тарапы түбегейлі қарсы болып отыр. Себебі аталған аумақ штат болуын тоқтатып қана қоймай, енді Үнді үкіметінің шешімімен одақтық аумаққа айналды. Сондай-ақ осы күнге дейін Джамму мен Кашмирге қарап келген Ладакх жеке одақтық аумақ болып бөлінді. Үнді билігінің мәлімдеуінше, мұндай шешім терроризммен күресті жеңілдетіп, аумақтың экономикалық тұрғыда дамуына септігін тигізеді. Айта кетсек, Үндістан мен Пәкістан Ұлыбританиядан іргесін ажыратқалы бері Джамму мен Кашмир дербес әрекет етіп келді. Штаттың өз заңы, туы және барлық мәселе бойынша жеке шешім қабылдау құқығы болды. Енді мұның бәрі өткен күннің еншісінде қалды.

Хабар 24 телеарнасы