387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сириядан қуылған атышулы лаңкестік топ Ауғанстанды дүр сілкіндіріп жатыр

  • 231
  • UPD: 19:54, 19.08.2019

Кеше Ауғанстанның Кабул қаласында өткен екі жастың үйлену тойы қанды оқиғамен аяқталды. Жанкешті тойға жиналған қауыммен бірге ғимаратқа кіріп, өзін өзі жарып жіберген.

Салдарынан ондаған адам көз жұмды. Олардың ішінде балалар мен әйелдер бар. 

Мирвайс Элми, той иесі: 

- Үмітім үзілді. Қуанышыма ортақтасып келген ағаларымнан, достарымнан айырылдым. Барлығы менің жақындарым еді. Елдің тәуелсіздік күні қарсаңында болған тойым қайғымен аяқталды. Мерекені енді қалайша тойлаймын. 

Бүгін ағылшын-ауған соғысының аяқталғанына 100 жыл. Алайда Тәуелсіздік күнін ел шат- шадыман қарсы ала алмады. Елдің шығысында содырлар бірнеше мәрте жарылыс ұйымдастырып, 17 адамның өмірін қиды. Ел президенті адамдар көп шоғырланатын жерлерде қауіпсіздікті қамтамасыз етемін деп уәде бергенмен, терактың алдын ала алмады. Ашраф Гани лаңкестікті қатаң сынға алып, қаза тапқан жандардың туыстарына көңіл айтты.

Ашраф Гани, Ауғанстан президенті:  

- Қайғыларыңызға ортақпын. Ойда жоқта ондаған бейбіт тұрғын қаза болды. Жарақат алғандардың тез сауығып кетуін тілеймін. Лаңкестердің бұл әрекеті айуандық. Барлық содырлардың көзін жоюға уәде беремін. 

Алдағы саяси додада президенттікке үміткер Ахмад Вали Масуд бұл күнді Ауғанстан үшін ұлттық қасірет күні деп жариялауды ұсынды. Пікірін тыңдап көрсек. 

Ахмад Вали Масуд, Ауғанстан президенттігіне үміткер: 

- Бұл күнді ұлттық қасірет күні деп жариялау керек. Тәуелсіздік күні жақындап келеді. Халық қайғыдан қан жұтып отырғанда мерекелік іс-шаралар өткізу орынсыз деп білем. 

Өңірдегі қақтығыстардың белең алуына қарамастан АҚШ өз әскерін Ауғанстаннан шығармақ. Таяуда Ақ үй басшысы Дональд Трамп Кабулдағы лаңкестікті қатаң сынға алған еді. Бірақ мұндағы 13 мың сарбазын алып кететінін мәлімдеген. Ал, қалған 1 мың жасақ ұрысқа қатыспайды, тек барлау қызметін атқарады деген еді. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Ұзаққа созылған соғысты аяқтау керек. 2001 жылдан бері тәліптермен соғысып келеміз. Олармен келіссөздер әлі де жалғасуда.  Ортақ мәмілеге келген соң, АҚШ әскері Ауғанстан аумағынан шығарылады.Тек 1 мың жасақ барлау қызметін атқаратын болады.

Ауғанстанда тұрақтылық орнату үшін 2018 жылдың маусым айнынан бері АҚШ тарапы «Талибан» радикалды тобының өкілдерімен келіссөздер жүргізіп келеді. Дегенмен, өңірде соғыс әлі де жалғасып жатыр. 

- Ауғанстандағы ахуалға әлем елдері алаңдаушылық білдіріп отырғанын білеміз. Біздің ел де барынша көмек беріп келеді.

- Еліміз ауған еліне көмегін аяған емес. Үнемі азық-түлік және қаржылай көмек көрсетіп келеді. Ауғанстандық студенттер елімізде білім алып жатыр. Сондай-ақ Қазақстан ол елде темір жол салып, кен игеру ісінде де қол ұшын созбақ. Бірақ әлемдік қауымдастық, оның ішінде біздің еліміз бар ауған халқына көп болып көмек беріп жатқанмен ел ішінде әлі де тыныштық орнамай тұр.

Хабар 24 телеарнасы