386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Open Arms кемесі әлі де теңізде жүзіп жүр

  • 138
  • UPD: 22:16, 20.08.2019

Open Arms кемесіндегі мигранттардың жағалауға шыға алатын түрі жоқ.

Италия билігі 3 апта бойы келімсектерді қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек жақында ғана борттағы кәмелет жасқа толмаған 27 жасөспірімді қабылдауға келіскен болатын. Алайда теңіз көлігінде әлі де 100-ге жуық адам бар.

Жерорта теңізіндегі мигранттарды Италия билігі қабылдамай жатса, Кәрі кұрлықтың өзге елдері бұл жағдайға қалай қарайды. Бір де бір мемлекет оларды керек қылмай отыр ма?

Таяуда Испания «мигранттарды қабылдаймыз» деген еді. Бірақ мигранттар «ол жаққа жете алмаймыз» деп бұл ұсыныстан бас тартқан.

Лампедуза аралының маңындағы Open Arms кемесінің бортында әлі де 90-нан астам мигрант бар. Бастапқыда олардың саны 134 болған еді. Келімсектердің дені Африка елдерінің азаматтары. Өзге елден келген кірмелер 19 күн бойы Кәрі құрлыққа табан тірей алмай жүр. Себебі Италия билігі мигранттардың барлығын бірдей қабылдаудан бас тартты. Қайырымдылық ұйымы өкілдерінің айтуынша, кеме бортында жағдай күн санап қиындап барады. Таяуда денсаулығы сыр берген 9 адам шұғыл түрде эвакуацияланған. Алайда олардың нақты қай жерге жеткізілгені белгісіз.

Оскар Кэмпс, қайырымдылық ұйымның өкілі:

- Кемедегі адамдар әбден қиналып қалды ғой. Ондағы жағдай мәз емес. 19 күн бойы суда жүзу оңай ма? Бұлардың тағдырлары не болады? Мигранттарды керек қылмаса не үшін өлім аузынан аман алып қалдық? Оларды шұғыл құрлыққа жеткізіп, көмек көрсету керек.

Италияның ішкі істер министрі міз бақпай отыр. Оның пікірінше, бұның барлығы алдын ала жоспарланған әрекет. Сальвини бірінші кезекте өзге елден келгендердің жағдайын емес, өз елінің қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қоятынын алға тартады. Айтуынша, соңғы кездері кеме арқылы Африка елдерінен контрабандалық жолмен келетіндер көбейген. Министр бұл үрдісті тоқтату керек деп есептейді.

Маттео Сальвини, Италияның ішкі істер министрі:

- Кемеде болып жатқан жағдайды көрдім. Мұның бәрі жалған дер едім. Аяқ қолдары балғадай мигранттар аяқ астынан науқастанып қалғандары қалай? Оларды дәрігерлер тексергенде денсаулықтарының сыр бергені байқалған жоқ еді. Мигранттардың Италияға табан тіреуіне жалғыз мен ғана қарсы болып тұрғандаймын. Мұның барлығы Италияның қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Сонымен қатар айтар жақсы жаңалығым бар. Таяуда Испания билігі «миграттарды қабылдаймыз» деп шешім қабылдады.

Испания билігі Сальвинидің бұл әрекетін қатаң сынға алды. Олардың айтуынша, бұл барып тұрған қатыгездік. Дүйсенбі күні Испания билігі мен қоса Еуроодақтың тағы 5 мемлекеті  мигранттарды қабылдауға шешім қабылдады. Бірақ енді екінші мәселе туындады. Біріншіден, кеме өзге елге жету үшін Италияның құзырындағы аумақтан рұқсатсыз өтуге мәжбүр. Ал жергілікті заңға сәйкес бұл жағдайда оған айыппұл салынып, тіпті кеме тәркіленуі мүмкін.

Маргарита Роблес, Испанияның қорғаныс министрі:

Open Arms кемесін Еуропаның бірнеше елі қабылдауға келіскеннен кейін Италия билігінің рұқсатын алу орынсыз деп ойлаймын. Сальвини борттағы адамдардың басын қатерге байлап отыр.

19 күн бойы кемеде тамағы таусылып, ашқұрсақ жатқан мигранттардың да амалы қалмады. Босқындардың тоғызы суға секіріп, құрлыққа жүзіп жетпек те болған. Бірақ әлдері құрып, суға кетіп қала жаздаған. Абырой болғанда, Италияның жағалау күзеті дер уақытында көмекке келіп, құтқарып қалды. Бірақ олар кемеге оралудан бас тартқан. Ал Open Arms кемесінің экипажы өзге елге жету үшін тағы 5 күн қажет екенін және оған борттағы адамдардың шыдай алмайтынын айтады. Себебі ауру-сырқау көбейген.

Хабар 24 телеарнасы