389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бразилияның тропикалық ормандар жойылу алдында тұр

  • 180
  • UPD: 12:44, 22.08.2019

Амазонияда орман отау мәселесі өршіп барады. Жергілікті экологиялық ұйымдар осыған байланысты дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта ағаш отаумен қатар орман өрті де жиілеп кеткен. Мұндай жағдайды көпшілік Бразилияның жаңа президенті жұмысымен байланыстырып отыр.

Тропикалық ормандардың тағдырына алаңдаған бразилиялық экологтар дабыл қағуда. Орманды алқаптарды отаудан келген шығынды есептеген мамандар жаға ұстатар мәліметті жариялады. Тек былтырғы жылмен салыстырғанның өзінде биыл ағаш кесу көрсеткіші 60%-ке артқан. Өз кезегінде бұл климаттың өзгеруіне әкеп соғатын негізгі фактор болып отыр. Себебі соңғы деректерге сай 50 жылдың ішінде жер бетіндегі ормандардың 20%-ке жуығы жойылған.

Фернанда Халтенбург, Бразилиа университеті экология факультетінің студенті:

- Өрт салдарынан Амазония аумағында көміртек мөлшері күрт көтеріліп кетті. Бұл тропикалық ормандардың жойылуы салдарынан туындап отырған мәселе. Бірнеше жылдан соң ол бүкіл адамзат үшін өте қолайсыз жағдай тудырып, ғаламдық жылынуға әкелуі мүмкін.

Жасыл желекті қорғаушылардың алаңдауына негіз бар. Себебі тек 2018 жылдың өзінде Бразилияда 15 мың шаршы шақырым тропикалық орман жойылған. Оған өрт қана емес, ұлттық парктердегі ағаштардың жаппай кесілуі себеп. Елдегі ғарышты зерттеу орталығының мәліметі бойынша биыл ел аумағында 70 мыңнан астам өрт ошағы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп.

Жосе Франциско Гонсалвес, Бразилиа университетінің профессоры:

- Амазонияға жақын орналасқан штаттардың барлығында қауіптіліктің ең жоғарғы деңгейі жарияланған. Соңғы рет Перумен шекаралас Акко ауданында осындай жағдай туындады. Бұл тек жергілікті маңыздағы мәселе ғана емес. Өйткені Бразилиядағы орман өрті таяуда басқа елдерге де жетеді. Өкініштісі, осы бір түйткіл әзірге шешімін табар емес.

Бразилиядағы бұл жағдайды көпшілік жаңа президент Жаир Болсонарудың жұмысымен байланыстырып отыр. Ол сайлауалды науқан кезінде Амазонияны дамытуға уәде берген еді. Яғни, ел президенті аталған аймақты ауыл шаруашылығы мен пайдалы қазбалар өндірісімен айналысуға қолайлы етуге сөз берген-ді. Бірақ жаңа басшының экологиялық саясаты БҰҰ тарапынан қолдау таппады. Ал табиғат қорғаушылары «жағдай осылай жалғаса берсе, Бразилия көп ұзамай қолда барынан айрылып қоюы мүмкін», - дейді. Өйткені табиғатты қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес.

Авторлары: Анна Орлова, Герберт Рейз

Хабар 24 телеарнасы