387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Соңғы он жылда Иранда 5 млн гектар орман жойылған

  • 136
  • UPD: 08:42, 23.08.2019

Иранда орманды алқаптың жай-күйі – өткір тұрған мәселе.

Сондықтан бірер жыл бұрын ел билігі ормандарды қорғауды жіті назарға алған еді. Аймақта орман ағаштары сан түрлі себеппен өліп жатыр. Бірақ соған қарамастан, ирандық мамандар ел аумағы орман алқаптарының өсуіне өте қолайлы дейді. Бұған қоңыржай климат пен жауын шашынның көп түсуі оң әсерін тигізеді. Жалпы биологтардың мәліметіне сай соңғы он жылда Иран елінде 5 миллион гектар орман жойылған. Осыған байланысты ел билігі жасыл желекті қорлайтындармен күресуге белсене кіріскен.

Иран қашан да жасыл ел саналып келді. Өйткені мұндағы жасыл желекті аумақ Еуропадан 4 есе үлкен көлемді алып жатыр. Мұндағы жұрттың мақтанышы – шамшат, шегіршін, інжір, жаңғақ сияқты көп жерде кездесе бермейтін ағаштар. Біреулер бұл ағаштарды сұлулықтың символы ретінде қабылдаса, енді бірі табыс көзі ретінде қарастырады. Бүгінде Иранда 58 мыңнан астам ағаш өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Оларға жылына 6,5 миллион текшеметр ағаш қажет. Бірақ түрлі себептерге байланысты фабрикалар жылына шамамен 5 миллион кубметрге жуық ағаш өңдейді. Ал жетпей қалған мөлшерді импорт есебінен толтыра алмаған кезде шағын кәсіпорындар ағашты браконьерлерден сатып алады.   

Хасан Шарифи, Голестан провинциясының қоршаған орта мен табиғи ресурстарды қорғау жөніндегі бас маман:

– Иранның солтүстігіндегі ормандар елдің ұлттық мұрасы болып саналады. Жалпы өткен жылы дайындалған ағаштың көлемі 750 мың текшеметр. Оған ирандық 100 компания рұқсат алды. Өз кезегінде заңсыз оталған ағаш көлемі 5 мың текшеметрге жуық болған. Сондықтан ел билігі бұл мәселені жіті назарда ұстап, заңбұзушыларды қатаң түрде жазалап келеді. Тек былтырғы жылдың өзінде құқық қорғау органдары заңсыз ағаш кесу бойынша 753 әкімшілік іс қозғады.

Бүгінде аймақтағы ағаш кесу мәселесін ел билігі мен экологтар жіті бақылауға алған. Жаза ретінде табиғатты қорлағандарға ірі көлемде айыппұл салынады. Алайда ағаштарды шаруашылықтар мен жергілікті тұрғындардан қорғау мүмкін болмай тұр. Себебі ауыл шаруашылықтары мен мал фермалары көп жағдайда табиғатпен үндестік таба алмай жатады.

Закерия Раджаблу, Горган қаласы табиғи ресурстар департаментінің бөлім басшысы:

– Соңғы деректерге сай, Иранның солтүстігіндегі ормандарда бүгінде 10 мыңнан аса шаруа қожалығы жұмыс істейді. Әрқайсысы 2 гектар жерді алып жатыр. Олар жалпы алғанда 3,5 миллион бас мал бағып отыр. Малға қажетті жайылым мен жем-шөптің кесірінен қаншама орманның жойылып жатқанын ойлаңызшы. Оны есептеудің өзі қиын.

Иран билігі адами факторлармен күресуге шамасы келгенімен, кейде табиғаттың өзі тосын мінез танытып жатады. Жиілеп кеткен орман өрті мен су тасқындары миллиондаған гектарды жарамсыз етеді. Дегенмен жасыл желекті сақтап қалу бойынша аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Жуырда Иранның Гиркан ормандары ЮНЕСКО тізіміне тіркелді. Осылайша, табиғат әлемі тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, жаһандық дәрежеде қорғалмақ. 

Авторлары: Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша и Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы