386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израиль көлік тұрағы тапшылығын қалай жоймақ

  • 137
  • UPD: 15:16, 23.08.2019
Израиль көлік тұрағы тапшылығын қалай жоймақ

Израиль көлік тұрағы тапшылығы мәселесін біржолата шешпек. Ол үшін айыппұл көлемін ұлғайтумен қатар баламалы көлік түрлерін пайдалануға енгізуге дейінгі бастамалар қабылданған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде Тель-Авивте тұрақ орындарының жетіспеушілігі өткір сезіледі. Жалпы бұл әлемнің кез келген ірі мегаполистеріне тән құбылыс. Автотұрақтан орын табу қияметтің қайымы екенін ірі шаһардағы көлік жүргізушілері жақсы біледі. Сондықтан да тұрақта тоқтау ережелері өте қатаң. Бірден айыппұл салынады. Көлікті тек рұқсат етілген орындарда ғана қалдыруға болады. Егер жол жиектасы сұр түсті болса, демек ешқандай шектеудің жоқ болғаны. Көк-ақ жолақтар ақылы тұрақ дегенді білдіреді. Ал төлемді мобильді қосымша немесе арнайы паркоматтар арқылы жасауға болады. Өз кезегінде жолай жолаушыларды түсіру не мінгізу үшін қызыл-ақ түсті жолақ жанына жету қажет. Ал қара-ақпен белгіленген жерлерде мүлдем тоқтауға болмайды.

Меиталь ави, Тель-Авив қаласы мэрінің орынбасары:

– Басты проблема қала орталығындағы жағдай болып тұр. Мұнда автотұрақсыз соғылған ескі үйлер өте көп. Көпқабатты ғимараттың иелеріне көліктерді қоюға екі қабат бөлу жөнінде ескерту жасағанымызға қарамастан, автотұрақ алаңдары әлі де жеткіліксіз. Сондықтан орталықтағы көлік санын қысқартуды қолға алдық.

Жаңа тұрғын үйлерде тұрақ мәселесі біршама ретке келтірілген. Себебі онда қоғамдық автотұрақтар бар. Бұған қоса, Израильде 2000 жылдан бастап әрбір пәтерге кемінде бір автотұрақтан бөлу заңы күшіне енген. Жалпы, бүгінде қала әкімшілігі тұрақ мәселесін тек айыппұл салумен ғана шешіп жатқан жоқ. Ол жалпақ жұртқа велосипед пен самокаттарды да насихаттап келеді. Бұдан бөлек, каршеринг яғни көлікті қысқа мерзімге жалға алу қызметі де қарқынды дамып жатыр.

Энди Ефимович, сарапшы:

– Каршерингтің тиімді тұсы, сіз көлікке иелік етпейсіз. Және оны тек діттеген жеріңізге жету үшін ғана қолданасыз. Сервистің ыңғайлы болуы үшін Тель-Авивте ол үшін арнайы тұрақтар қарастырылған.  

Жақын арада Тель-Авив орталығында жеке көлікпен жүру мүмкін болмайды. Оған балама ретінде қоғамдық көлік, велосипед немесе тағы басқа көлік түрлеріне басымдық беріледі. Сондықтан қалаға кіреберісте бірнеше ірі автотұрақ кешендері тұрғызылды. Жүргізушілер сонда көліктерін қалдырып, қалаға шаттлмен жетеді. Мұндағы мақсат қалаға көлік санының артуына тосқауыл жасау.

 Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы