389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әзербайжанның ауыл шаруашылығында өзін өзі жұмыспен қамту үлесі азайды

  • 113
  • UPD: 12:33, 27.08.2019

Әзербайжанда ауыл шаруашылығындағы жұмысты ұйымдастыруға ерекше назарға алынған. Осыған байланысты шаруалар қызметіне оң өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде жеке компаниялар мен бизнес өкілдері ауыл шаруашылығына көптеп тартылып жатыр. 

Әзербайжан ауыл шаруашылығындағы жұмысты ұйымдастыруды екіге бөліп қарастырады. Мысалы, кейбір отбасылар өз істерін дөңгелетіп отыр, енді біреулері шаруашылықтарға жалданып еңбек ететіндер. Бірақ жеке қожалықтарда жұмыс істейтіндер саны артқан сайын өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар қатары кеміп келеді. Әзербайжанда мұндай үрдіс соңғы бірнеше жылда белең алды. Бұрын өз қожалықтарында жұмыс істеп, нәпақа табатындар 70 процентті құраса қазіргі көрсеткіш мүлдем басқа. 

Фирдовси Фикретзаде, аграрлық зерттеу орталығының директоры: 

- Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтудың жоғары динамикасы байқалатын бірқатар сала бар. Атап айтсақ, олар мақта мен жібек шаруашылығы.  Қазіргі таңда мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия бұрынғыдай жер көлеміне қарай емес, дайын өнімге сай беріледі. Себебі мұндай шешім егінші қауымды мол өнім алуға ынталандырады. Бұл өз кезегінде шаруашылықтардың үлкейіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етеді. 

Жалпы өз шаруашылығында еңбек ететін отбасылардың күн көрісі ала жаздай тер төгіп тапқан өнімі ғана. Бірақ соның өзі көп жағдайда делдалдар арқылы ғана сатылып жатады. Десе де, соңғы кездері тиісті мемлекеттік құрылымдар шаруалардың тапқан өнімін өздері сатып, табысқа кенелуге мүмкіндік беретін жәрмеңкелер мен арнайы орындар аша бастады. 

Сархан Сарханов, ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық жабдықтау орталығының басқарма мүшесі: 

- Ауыл шаруашылығы министрлігінің аграрлық жабдықтау орталығы фермерлердің өз өнімін сатуы үшін жәрмеңкелер ұйымдастыруда. Қазір дәл сондай 2 жәрмеңке Баку қаласында қызмет етеді. Мемлекет тарапынан жасалған қолдау ретінде сөрелерге тауарларды тегін жеткізу, фермерлерді тоңазытқыш, таразы және басқа да қажетті жабдықтармен қамсыздандыру жайы қарастырылған. Шаруа тек жалдау ақысын ғана төлейді. Осылайша,  өндіруші тауарын делдалсыз сатуға мүмкіндік туады. Сәйкесінше, тауар бағасы да арзандай түседі. 

Мамандардың айтуынша, нарықта ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін фермерлердің нарыққа шығуына жағдай жасау қажет. Сол кезде бәсекелестік те арта түседі. Бірақ оның тиімсіз тұсы – өнім сапасын қадағалау мәселесі қиындай түседі. Мәселен, мемлекет ұйымдастырған базарларда барлық тауарлар арнайы тексерістен өтеді. Сондықтан қала тұрғындары осындай сауда орындарының арта түскенін қош көреді. 

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы