387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иранда егін егу кезінде ешқандай химикат қосылмайды

  • 168
  • UPD: 23:32, 27.08.2019

Иран қияр тұқымын егу мен оны сату бойынша әлемдік деңгейде көш бастауды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы жылдары бұл елде көкөністің осы түрін өсіруге ерекше көңіл бөлінген. Сондықтан аграрлық саланы дамыту үшін өндіріске ғылыми жаңалықтар да енгізіліп жатыр. Жалпы Иран елінде ауыл шаруашылығы өнімін шығарумен көбіне ұсақ шаруашылықтар айналысады. Бірақ өндіріс жағы бір жолға қойылғанымен, тауарды өткізу жағы ақсап тұрған сыңайлы.

Иранда егін егу кезінде ешқандай химикат қосылмайды. Бұл – шаруалар арасында қалыптасқан қағида. Және топырақты құнарландыру үшін тек органикалық тыңайтқыштар ғана қолданылады. Сондықтан болар, бұл елде өнім жылына 2 рет жиналады. Иранда ауыл шаруашылығына ерекше басымдық берілгенін 3 ай сайын жиналатын көкөніс өнімдерінен аңғаруға болады. Өнімді толығымен жинап болған соң шаруалардың өздері оны сатуға дайындайды. Яғни тауарды жәшіктерге жіктеп, сақтау қоймаларына жеткізеді. Ал бұдан кейін саудагерлер нарық жағдайы мен сұранысқа сай тауар бағасын бекітеді.

Сандрола Таджикхаве, агроном:

– Елімізде шаруалар көп мақсатты кооперативтерге біріктірілген. Соңғы мәлімет бойынша ел аумағында 15 мыңға жуық кооператив жұмыс істейді. Жалпы ұсақ шаруашылықтар үшін бірігіп жұмыс істеудің артықшылықтары өте көп. Себебі бірігу арқылы несие мен басқа да көмектер алуға жол ашылады.

Жалпы бүгінде Иран қияр тұқымын егу мен оны сату бойынша әлемде екінші орында. Қытырлақ көкөністі өсіруге елде барлық жағдай жасалған. Иран жерінің басым бөлігі құрғақ болғанымен, дақылды отырғызатын оңтайлы орын да, жеткілікті жер көлемі де қарастырылған.

Алиреза Таджик, шаруа:

– Бізде бір ғана мәселе бар. Атап айтсақ, дән мен тыңайтқыштар бағасы тым қымбат. Соның кесірінен еккен өніміміз өзін ақтамай жатады. Кейде тіпті шығынға ұшырайтын кездер де болады. Ал егер өніміміз экспортқа шыққанда, біз мүлдем басқа жағдайда болар едік.

Ел билігі ауыл шаруашылығын дамытудың маңыздылығы өте жоғары екенін айтады. Себебі қазіргі кезде халықты азық-түлікпен қамту әлемдік деңгейдегі өзекті мәселеге айналған. Сол үшін Иранда сапалы әрі экологиялық таза өнiм өндіруге баса маңыз беріліп отыр. Статистикаға жүгінер болсақ, бүгінде аталған ел 200 миллион адамды азық-түлікпен қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткен. Енді асшаян өсіру ісіне кірісіп кеткен. Мәселен, өткен жылы Иран араб елдеріне 937 тонна асшаян жеткізіпті. Ал биыл шаруалар өнімді өткізудің жаңа бағыттарын қарастырып отыр.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша и Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы