387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда өрт қауіпсіздігіне қатысты жаңа тәртіп енгізілген

  • 104
  • UPD: 11:47, 28.08.2019

2017 жылы Батумидегі бес жұлдызды қонақ үйде өрт шығып, 11 адамның өмірі қиылды. Ал кейін Кобулети қаласында тағы бір қонақ үй отқа оранып, 3 бала қайтыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан кейін 2018 жылы Батумиде мемлекеттік аудит жүргізіліп, 226 қоғамдық нысан тексеріліп, олардың ішінде тек біреуі ғана өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келетіні анықталады. Бұл биліктің мәселені терең зерделеуіне түрткі болды.

Грузияда 2018 жылы өрт қауіпсіздігіне қатысты жаңа тәртіп енгізілген. Ғимараттарға жобалау кезінде талап қойылып, қауіпсіздік шаралары тексеріледі. Қонақ үй, сауда орталығы және өзге де нысандар жаңа талаптарға сай болмаса мүлде салынбайды.

Темур Болоташвили, Тбилиси сәулет қызметінің басшысы:

- Жаңа техникалық тәртіп ең үздік халықаралық тәжірибелерге сүйеніп жасалған. Егер ғимарат өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмесе құрылыс жүрмейді. Тәртіпке сай ғимараттар бірнеше санатқа бөлінеді. Мысалы, нысан 23 метрден асса, биік болып саналып, адамдарды тез эвакуациялау үшін түтінді бақылайтын жүйе орнатылуы тиіс. Ал биіктігі 37 метрден асатын ғимаратта 2 баспалдақ және арнайы өрт кезінде тығылатын орыны болуы қажет.

Сәулетшілер ғимаратты жобалауда баспалдақтың биіктігіне, есіктің қалай қарай ашылатындығына, эвакуациялық есіктер және өзге де көптеген мәселелерге көңіл бөледі. Ал қолдануға берілген ғимаратты Төтенше жағдайлар қызметі арнайы тексереді. Өткен жылы оның құрамында орталық бақылау бөлімі ашылды.

Роин Варшанидзе, Грузия ІІМ Төтенше жағдайды басқару жөніндегі қызметі басшысы:

- Біз нысандардың электрондық мәліметтер қорын құрғалы жатырмыз. Осы арқылы жаңадан қолданысқа берілген ғимараттарды жылдам тіркейтін боламыз. 2018 жылғы заң бақылауды күшейтуге мүмкіндік ашты.

Биыл барлық қоғамдық маңызы бар нысандарда тексеру өткізіледі. Егер заң бұзушылық анықталса, оны жоюға кеңестер біріліп, содан кейін қайта тексеріледі. Талаптар орындалмаған жағдайда санкция салынып, айыппұл көлемі артады. Билік жаңа тәртіп көп олқылықты жойып, бақылауды күшейтуге мүмкіндік бергенін айтады.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

 

Хабар 24 телеарнасы