385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда шағын және орта бизнес қарқынды дамуда

  • 89
  • UPD: 11:03, 03.09.2019

Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Грузия елінде де бизнес саласына мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпті жүргізудің қарапайымдылығымен ерекшеленетін бұл ел бүгінде өзге мемлекеттерге үлгі болуда.

Грузияда кәсіпкерлерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасалған. Тіпті кәсіпкердің құқын қорғайтын арнайы заң да бар. Құжатқа сәйкес елде бизнес ашамын деген шетел азаматы мен жергілікті тұрғынның құқығы тең. Мемлекеттік және салық органдарында тіркелу «Әділет үйінде» жүзеге асырылады. Тек денсаулық сақтау, құрылыс, энергетика мен ойын бизнесі сияқты кәсіптің кейбір түрлеріне ғана қосымша лицензия талап етіледі.

Отар Ангуридзе, бизнес-сарапшы:

Грузияда жергілікті тұрғындар мен шетел азаматына бизнес жүргізу өте оңай. Есесіне жыл сайын шетелден келген инвестиция көлемі еселеніп отырады. Жеңілдетілген тіркеу рәсіміне бар жоғы бірнеше минут қана қажет. Минималды жарнасы 30 доллар шамасында. Оған қоса, бізде өзге елдермен салыстырғанда ең тиімді салық төлеу жүйесі бар.

Еуропа елдерімен еркін сауда келісім болғандықтан Грузияда жергілікті тауарды экспорттайтын кәсіпкерлер көбейюде. Енді Үкімет өз тауарын Қытайға да шығармақ ниетте. Сонымен қатар елде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Юлия Блюменберг 2016 жылы жұбайымен Петербургтен Тбилисиге көшіп келген. Туризм саласындағы бәсекеге қарамастан қазір кәсібінен нәсіп тауып отыр.

Юлия Блюменберг, жеке кәсіпкер:

Грузияда кез келген ісіңді оңай бастап кетуге болатыны таң қалдырды. Кәсібіңді 15 минуттың ішінде тіркелуге болады. Есеп-қисап жағы да қиын емес. Оны онлайн түрінде жасауға болады. Банктермен және басқа да мемлекеттік органдарымен жұмыс та жеңілдетілген.

Бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы қарапайымдылық пен ашықтықтың арқасында елде шағын және орта кәсіп дамуда. Мемлекеттік реестрдің барлық құжаттары кез келген азамат үшін қолжетімді. Енді билік жақын арада несиелендіру жүйесіне де өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы