385,90 427,70 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-та жағалауға жақын жерлерді су басуы мүмкін

  • 164
  • UPD: 21:43, 03.09.2019

Көптеген мемлекеттер 1 қыркүйек білім күнін атап өтіп жатқанда Багам аралдарының солтүстігі әбігерге түсіп, жан сақтаудың қамына көшкен. Онда соңғы 40 жылдағы қуаттылығы ең жоғары Дориан дауылы тұрып, соңы тасқынға ұласты.

Салдарынан бес адам ажал құшты. Тағы 20 тұрғын түрлі деңгейде жарақат алды. Әсіресе Абако аралының астаң-кестеңі шыққан. Қызыл Кресттің хабарлауынша 13 мың тұрғын үй қирады. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Хьюберт Миннис, Багам аралдары одақтастығының премьер-министрі:

- Қазір біздің өңірде тарихи қайғылы оқиға орын алып отыр. Басты мақсатымыз зардап шеккендерді құтқару. Қауіпсіз жерге эвакуациялау. Қираған инфрақұрылымдарды қалыпқа келтіру. Табиғи апаттан аралға айтарлықтай шығын келгені рас. 

«Дориан» дауылы бүгін таңертең ғана бәсеңдеді. Яғни бесінші санаттан үшінші көрсеткішке бірақ түсті. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, қауіп бар әлі де. Американың оңтүстік-шығысындағы штаттарда төтенше жағдай режимі енгізілді.  Жаппай эвакуация жүргізіліп жатыр. Дауылдың қазіргі бағыты Флорида. Мұндағы халық дауылға тас-түйін дайындалып, үйлерінің есік-терезесіне ағашпен бекітіп, құм толған қаптармен тосқауыл қойып жатыр. 

- Біз қаланың сыртында тұрамыз. Апаттан соң, үйімізді су басып қалмас үшін Қапқа құм салып, есіктерді жауып жатырмыз.

- Есік алдындағы барлық артық заттарды жинап тастадық. Себебі дауыл ұшырып әкетуі мүмкін. Қазір су басып қалу қауіпі бар ауданда тұратын туыстарымызға көмектесіп жатырмыз. 

АҚШ-та Дориан дауылының жақындауына байланысты 770 әуе рейсі тоқтатылды. Билік өкілдері тұрғындарды абай болуға шақырып жатыр. Ақ үй басшысы Дональд Трамп дауылға байланысты Польшаға сапарын кейінге қалдырды. Ұлттық қорғаныс министрі Джон Болтон болса жағалауға жақын орналасқан аймақтарға бармауға кеңес берді.

Майк Пенс, АҚШ вице-президенті:

- Біз дауылға дайынбыз. Флорида, Джорджии, Оңтүстік және Солтүстік Каролин губернаторларымен тығыз байланыстамыз. Бұл өте қауіпті дауыл. Сондықтан әрбір америкалық тұрғын, әрбір туристі жергілікті биліктің тапсырмасы мен ескертулерге құлақ асуға шақырамыз. Барлығына дайын болу керек. Себебі қазір құйынның жылдамдығы басылғанымен, қауіптілігі төмендеген жоқ. 

Дегенмен, дауыл әлі АҚШ-қа жеткен жоқ, ал жергілікті билік апаттан келетін шығын көлемін әлден-ақ есептеп, кесіп-пішіп қойды. Мамандардың пікірінше ол 40 миллиард долларға жетуі мүмкін. Ал дауыл Флорида жағалауын айналып өтсе шығын да азайар еді. Себебі дәл осы өңірде НАСА мен SpaceX-тің ғарыш айлағы және ұшыру алаңы орналасқан. 

Кен Грэхем, АҚШ дауылды бақылау ұлттық орталығының директоры:

- Дауылдың жылдамдығы сағатына 100 шақырымға төмендеді.  Дегенмен Дориан Саффир-Симпсон  шкаласы бойынша ең жоғары, қауіпті деңгей. Қазір құйын батысқа бағыт алғанымен, болжам бойынша солтүстікке қарай бұрылады. Сөйтіп, АҚШ-тың шығыс жағалауына қауіп төндіреді. 

Айта кетейік, АҚШ тарихында бұған дейін «Катрина» дауылы ең көп шығын әкелген болатын. Естеріңізде болса, дауыл 2005 жылы Жаңа Орлеанда әбігер туғызып, өңір су астында қалған. Ол кездегі апаттан келген шығын 108 миллиард доллар. Ал елдің мазасын қашырған Дориан дауылының қаншалықты ойран салары белгісіз.

Хабар 24 телеарнасы