389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Кореяда халал өнімдер сатылатын мейрамханалардың саны көбейтілмек

  • 240
  • UPD: 02:55, 06.09.2019

Соңғы 5 жылда Оңтүстік Кореяға Ислам мемлекеттерінен саяхаттап барған туристер саны 30 процентке артқан.

Былтыр бұл елге 970 мыңға жуық мұсылман саяхатшы аяқ басса, биыл Корея билігі бұл көрсеткішті миллионнан асырамыз деп отыр. Ол үшін әуелі халал өнімдер сатылатын мейрамханалардың саны көбейтілмек.

Аптап ыстықтың беті қайтып, қоңыр күз келген шақта Оңтүстік Кореяда туристерге арналған түрлі шаралар басталады. Соның бірі – Халал мейрамханалар фестивалі. 2016 жылы туризмге жауапты мекеме Ислам мемлекеттерінен келген азаматтардың арасында сұрау жүргізіпті. Оның нәтижесінде туристерді мазалайтын басты мәселе – мұсылмандар үшін адал саналатын тағамдардың аздығы екені анықталған. Міне осы деректі негізге ала отырып, Оңтүстік Корея билігі бірден фестиваль ұйымдастырды. Биыл мейрамханалар мерекесі төртінші мәрте өтіп отыр. 

Пак Чоль Хо, Корея туризм ұйымы Орта Азия және Таяу Шығыс департаменті директорының орынбасары:

– Бұл шара Кореяның туризм саласын насихаттап, мұсылман және өзге де елдерден келетін туристердің санын арттыру үшін өткізіледі. Ұзақтығы – 60 күн. Яғни 1 қыркүйекте басталып, 31 қазанға дейін жалғасады. Туристер үшін 3 мың және 10 мың вондық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жеңілдіктер фестивальге қатысатын мейрамханаларда жарайды. 

Туристік ұйым бұл жеңілдіктерді сайтпен қатар Сингапур, Куала-Лумпур, Джакарта, Бангкок, Нью-Дели, Дубай, Ыстамбул және Алматыдағы бөлімшелері арқылы таратады. Жалпы фестиваль кезінде Кореядағы 52 мейрамхана мұсылмандарға арнап мәзір әзірлейді. Солардың біріне біз де бас сұқтық.   

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

– Мұнда Ислам мемлекеттерінің саяхатшыларына арналған 250-ге жуық мейрамхана бар. Қазір біз солардың біріне кіріп, кешкі асымызды ішеміз. Айтпақшы, халал өнімдер сатылатын мейрамханалардың сыртында міндетті түрде ақпараттық қағаздар ілініп тұрады. 

Мұнда мұсылмандарға арналған тамақтану орталықтары төртке бөлінеді. Алғашқыларында арнайы халал сертификаттар бар. Ал екінші топқа жататындары мұндай тілдей қағаз берілмесе де, адал ас қана дайындайды. Үшінші және төртінші топтағы мейрамханаларда ішімдік те, доңыз етінен әзірленген тағам да, халал өнім де сатылады. Жалпы 4 жылда олардың саны 2 есе көйбейген.

Гүлжан Қабышева, студент:

– Бастапқыда етсіз тамақ жедік немесе еуропалық мейрамханаларға барып тамақтанатынбыз. Себебі Кореяда көбінесе шошқаның етін жейді. Ал қазір біз еш қиындықсыз халал мейрамханаларға барып тамақтана аламыз.

Бұл мейрамханаларда шетелдік меймандарға негізінен балық пен тауық өнімдері, сондай-ақ сиыр және қой етінен жасалған тағамдар ұсынылады. Әрі тапсырыс берушілердің талап-тілектері де ескеріледі. Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімінде бұл өнімдердің дәмін біз де татып көрдік.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

– Біздің дастарханымызда корей халқы сүйіп жейтін фунчоза салаты бар. Бұл тағам бізге де жақсы таныс. Бізге ұсынылған негізгі тағамдардың арасында қуырылған сиыр еті бар. Жанында саңырауқұлақ бар. Сондай-ақ мұнда ет жемейтін азаматтардың да құқығы ескерілген. Мәселен, мына тағам бір қарағанда сиыр етінен жасалғандай көрінеді. Алайда бұл ет емес, соядан жасалған тағам.

Туристердің мейрамханаларда ғана тамақтануы шарт емес. Сеул көшелерінің бойында жылдам әзірленетін тағамдар да жеткілікті. Олардың бағасы да анағұрлым арзанырақ, қалтаңызды қақпайды. 

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

– Ислам мемлекеттерінің тұрғындарына түнгі Сеулде де жағдайы жасалған. Олар кешкі мезгілде, тіпті түнде де емін-еркін тамақтана алады. Мынадай қаптаған тағамның ішінен халал өнімдерді де табуға болады.

Тексеріп көрдік. Өзімізге жақсы таныс тауық еті. Тек сәл ащылау. Көше бойынан қуырылған еттің бұдан басқа да түр-түрін көзіміз шалды. Жалпы тағамның арқасында туристерді көбейтеміз деген корейлердің жоспары біртіндеп орындалып келеді. Сеул сапарынан бір түйгеніміз осы.

Хабар 24 телеарнасы