389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Францияда әр үш күн сайын бір әйел күйеуінің қолынан қаза табады

  • 231
Францияда әр үш күн сайын бір әйел күйеуінің қолынан қаза табады

Францияда әр үш күн сайын бір әйел өз күйеуінің озбырлығынан көз жұмады.

Осындай статистика ой салған болу керек, мұнда әйелдер әлімжеттігіне қарсы жалпыұлттық науқан басталды. Өз өміріне алаңдаған қыз-келіншектер зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату керек деп көшеге шықты.

Жыл басынан бері бұл елде 101 әйел өз күйеуінің қолынан ажал құшқан екен. Бұл сандар үкіметтің мәлімдемесінде айтылды.

Франция – Еуроодақ елдері бойынша тұрмыстағы озбырлық етек жайған мемлекеттердің бірі. Оған дәлел – әлемді алаңдатқан статистикалық көрсеткіш. Былтыр елдегі сенім телефонына зорлық көрген 45 мың әйел көмек сұрап хабарласқан. Ал биылғы жағдай тіптен қайғылы. 9 ай ішінде күйеуінен таяқ жеп, жүзден астам әйел о дүниеге аттанған. Зорлыққа ұшырағандардың 19 процентті ғана сотқа жүгінеді екен. Дегенмен полицияға шағым беріп, өтініші қараламай жатқандар да жетерлік.

Люсьен Дуйб, құрбанның әкесі:

– Менің қызым 3 наурыз күні бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапты. Еске алсам, өзегімді өкініш өртейді. Себебі Джули полицияға 5-6 рет шағым түсірген. Тұрмыста озбырлық көріп жүргенін айтқан. Бірақ оның сұраған көмегіне ешкім қол ұшын созбапты. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін әлемге жұртын ескертіп, дабыл қағып отырмын.

Ашынған әкенің жанайқайы үкіметтің құлағына жетті. Франция билігі тіпті қазынадан 5 миллион еуро бөліп те қойды. Бұл қаражатқа жәбір көргендер үшін арнайы орталық ашылады. Сондай-ақ шағымды қарастыру кезінде салғырттық болмас үшін органдарға тексеріс күшейтіледі. Франция премьері арнайы форумда осылай деп мәлімдеді.

Эдуар Филипп, Франция премьер-министрі:

– Бұрынғы немесе қазіргі өмірлік жолдасыңыз зорлық жасап, жазасыз қалып жатса, қоғам уланды деген осы. Франция әйелдеріне қауіпсіздік жайлы кепілдік беретін уақыт жетті. Әрқашанда әділеттілік бірінші орында болуы керек. Бұл күрмеуі қиын мәселенің шешімін табуымыз керек. Нәзік жандылар таяқ жеу үшін жаралмаған.

Десе де, Париждің қыз-келіншектері өз өміріне алаңдап отыр. Тіпті Эйфель мұнарасы маңында наразылық шарасын ұйымдастырды. Белсенділер тұрмыстық озбырлықтан қаза тапқандарды еске алды. Ереуілшілер қолдарына ерінің қолынан қаза тапқан әйелдердің суретін ұстап шыққан. Қанпезер қылмыскерлерді тиісінше жазаға тарту керек дейді олар. 

Зорлық-зомбылық мәселесі Мексика үшін де өзекті. Мұндағы тұрғындар да қазір көшеге шығып, тұрмыстағы озбырлыққа қарсы ереуіл ұйымдастырды. Әйел құқығы үшін жанталасқан белсенділердің дабыл қағуына жақында ғана орын алған оқиға түрткі болған. Естеріңізде болса, екі кәмелеттік жасқа толмаған бойжеткендер тәртіп сақшыларынан зорлық көрдік деп шағымданған. Жалпы БҰҰ-ның ақпары бойынша, Мексика әйелдер үшін өте қауіпті 25 мемлекеттің қатарында. Себебі елде күніне 9 нәзік жанды кісі қолынан қаза табады. 

Әлем елдері осылайша зорлық-зомбылық, әлімжеттік, озбырлық мәселесіне қарсы бой көтеруде. Мемлекеттер заң жобасын қайта қарап, арнайы бағдарлама үшін қаражат бөліп жатыр. Францияда зомбылыққа қарсы жалпыұлттық науқан басталды. АҚШ мұндай қылмысты азайту үшін Бейбітшілік министрлігін құру керек деп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауына сай, енді Қазақстанда да зорлық-зомбылыққа қарсы заң қатаңдатылатын болады.

Хабар 24 телеарнасы