386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия ЕО-дан мигрант үшін бөлінген ақшаның қалған жартысын сұрады

  • 140
  • UPD: 21:57, 06.09.2019

Егер ЕуроОдақ Анкараға қаржылай көмек көрсетпесе, бас сауғалаған босқындарды Еуропаға өткізуге мәжбүр боламыз. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған осылай деп Кәрі Құрлыққа сес көрсетті. Естеріңізде болса, бұған дейін тараптар ортақ келісімге келген еді.

Ол құжатқа сай Түркия шекараны бекемдеп, Еуропаға заңсыз мигранттарды өткізбейді. Тиісінше Еуропалық Одақ Анкараға қаржылай қолдау көрсетеді. Шынында келісімнен кейін үш жыл ішінде кәрі құрлыққа бағыт алған босқындардың саны айтарлықтай қысқарды. Бірақ Одақ уәде еткен 6 млрд еуроның тек 3 млрд ғана бөлген.  

Реджеп Тайип Ердоган, Түркия Президенті:

- Біз басына қиын іс түсіп, пана іздеген заңсыз мигранттарды қонақ қылып қабылдадық. Бірақ бірде-бір мемлекет, оның ішінде Еуропалық Одақ біздің елге қажетті қолдауды көрсетпеді. Сондықтан шекараны ашуға тура келеді. Еуропаға бағыт алған босқындар, сонда барсын. Бұдан былай ешқандай қолдаусыз оларды ұстап тұра алмаймыз. Бұл мәселе неге тек біздің елді ғана алаңдатуы керек?      

Түркияның бұл айыптауларына Еуроодақ саспастан жауап қатты. Брюссельдің пікірінше, мигранттарды ұстап тұру үшін уәде етілген соманың 5,6 млрд еуросы Анкараға бөлініп, жіберіліп қойған. 

Наташа Берто, Еурокомиссия өкілі:

- Еуропалық Одақ Түркиямен босқындар мәселесі бойынша ынтымақтастық орнатқан. Болашақта бұл серіктестік жалғасын табады деген сенімдеміз. Арада туындаған мәселе шешімін табуы тиіс. 

Осылайша сыпайы жауап қатқан Брюссель сөз соңында өз шағымдарын да айтып қалды. Себебі Түркия жүктелген міндетті сапасыз орындап отырғанға ұқсайды. Салдарынан соңғы уақытта Грекияда түркиялық жағалаудан келген мигранттар саны артқан. Оған себеп елдегі босқындарды қабылдау орталығында бос орынның қалмауы. Соған қарамастан Түркия арқылы кәрі құрлыққа өткісі келетін мигранттар саны азаяр емес.  

Шабан Халав, Газа секторының тұрғыны:

- Мұнда екі қолға бір күрек табар жұмыс жоқ. Израильмен шиеленіс басылар емес. Сондықтан да барлығы жер аударғысы келеді. Өзім Түркия арқылы 18 мәрте Грекияға өтпек болдым. Бірақ, жоспарым жүзеге аспады. ШекаралардА қысым бар. Ұрып-соғу, қақтығыстар. Сол үшін еліме қайттым. 

Сондай-ақ Анкара айдың соңына дейін Сириямен шекарада қауіпсіз аймақ құрмақ. Ол жерге Түркиядағы 3 жарым миллион босқынның жартысын көшіру жоспарланған. 

Бастаманы Ердоған Вашингтонмен бірлесіп жүзеге асырамыз дейді. Дегенмен, Дональд Трамптың бұл іске уақыты жоқ  сыңайлы. Себебі Ақ үй басшысының өзі де мигранттармен алысып әлек. Тіпті бұл жолы Ресей саясатымен күрескенше, мына қабырғаны соңына дейін тұрғызу маңызды деп шешсе керек. Ол үшін Дональд Трамп Ресей агрессиясын тоқтатуға бағытталған бағдарламаның 771 миллион доллар қаражатын Мексикамен арадағы қабырғаны тұрғызуға бөлген. Конгрессмен Чак Шумер осылай дейді.   

Ресей саясатын әскери және саяси тұрғыда тежеуге арналған бағдарлама салдарынан жүздеген милиион долларынан айырылды. Бұл қаражатты Президент Дональд Трамп алып, өз бастамасын жүзеге асыруға жұмсамақ. Яғни ақшаны Мексикамен арадағы қабырға құрылысына құяды. Осылайша Трамп ұлттық қауіпсіздікті екінші орынға қойып отыр. 

Осылайша мигранттар мәселесі өзектілігін жоғалтар емес. Еуроодақ пен Түркия қарым-қатынасы уақыттың еншісінде болса, Трамптың бұндай қадамға баруы бекер емес дейді сарапшылар. Себебі Америкада президенттік сайлау жақындап келеді. Ал Трамп болса қайта сайлануды мақсат еткен. Демек, алдыңғы уәделерін соңына дейін жеткізуге тырысып бағатын болады.

Хабар 24 телеарнасы