386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ пен Үндістан арасындағы сауда дауы қашан шешілмек

  • 174
  • UPD: 10:32, 07.09.2019

Әлемнің ең ірі екі экономикасы - АҚШ пен Қытай арасындағы сауда тартысы аясында Вашингтонның тағы да бір ірі ел - Үндістанмен арадағы күрделі сауда қарым-қатынастары көлеңкеде қалды.

Маусым айында Дональд Трамп бұл елге берілген сауда жеңілдіктерінің күшін жойған болатын. АҚШ президенті аталмыш қадамын Үндістан өз нарығында америкалық тауарлардың адал саудалануына жол бермейтінімен түсіндірген. Көп ұзамай, Үндістан да АҚШ-қа қарсы жауапты шаралар қабылдады. 

Үндістан экономикасы қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Алдымен АҚШ әкімшілігі осы елден жеткізілетін алюминий мен құрышқа баж салығын көтерген, ал кейін тіпті сауда жеңілдіктерінің күшін жойды. Үндістан да жауап шаралар қабылдап, АҚШ-тан импортталатын 28 тауарға баж салығын арттырған. Бұл шамамен 220 миллион долларға бағаланған өнімдерге қатысты болып отыр. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда тартысымен салыстырғанда, бұл сомалар айтарлықтай көп деп атауға болмайды. Дегенмен Үндістан билігі неліктен Ақ үй әлемдік саудада үлесі аз елді өз нысанына алғанына алаңдауда. Тегі үнді АҚШ заңгері Манси Сеттің пікірінше, бұл сауда тартысында қос тарап та ымыраға баратын түрі жоқ.

Манси Сет, АҚШ заңгері:

– Жалпы екі ел арасындағы сауда көлемі онша көп емес. 2018 жылы Үндістан АҚШ-қа 80 миллиард долларға тауар экпорттаған. Оның тек 5 миллиардына ғана баж салығы салынған жоқ. Бірақ бұл мәселені болашаққа қарап қарастыру керек. Яғни АҚШ-пен қатынастарында Үндістан сауда мәртебесінің өзгеруі неге әкелетінін ойлану керек. Сондай-ақ мемлекеттегі ішкі жағдайды түсіну де маңызды. Қайта сайланған премьер Нарендра Моди елде экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бар көңілін салып отыр. Сол себептен Amazon және Walmart жағынан бәсекеге түскен жергілікті компаниялардың мүдделерін қорғауы қажет. Екінші жағынан өзге де серіктестерімен, ең алдымен шетел инвесторларымен де қарым-қатынастарын бұзып алмауы керек.

Үлкен жиырмалық саммитінде Дональд Трамп пен Нарендра Модидың өткен кездесуден кейін екі ел арасында толыққанды сауда соғысы басталады деген қауіп сейілді. Олар қос тараптың сауда өкілдері жақын арадағы кездесуі туралы келісті. Бірақ сол кезден бастап нақты өзгеріс байқалмайды.

Манси Сет, АҚШ заңгері:

– Мысалы, Дональд Трамп сүт өнімдері немесе Харли-Дэвидсон мотоциклдері секілді америкалық тауарлардың бәсекелестігін қамтамасыз еткісі келеді. Ал өз кезегінде Үндістанда дәулеті төмен тұрғындарының көбісі ауыл шаруашылығымен айналысады. Сол себепті бұл саланың елде орны бөлек, үкімет сүт өндірушілердің мүдделерін қорғайды. Сондықтан Үндістан үкіметі бұл мәселе бойынша ымыраға баратын түрі жоқ. Медициналық құрал-жабдық сияқты өзге салалардың бұйымдары төңірегінде де дау бар.

АҚШ пен Үндістан арасындағы экономикалық тартыс екіжақты қатынастардың дамуына кері әсер етіп отыр. Халық саны жағынан әлемде екінші орындағы ел АҚШ-пен сауда қатынастары мен инвестициялардың маңызын жақсы түсінеді.

Манси Сет, АҚШ заңгері:

– Өкінішке қарай, сауда дауы шешілетініне үміт аз. Екі елдің үкіметтері де ұлтшылдық ұстанымда және бір-біріне жол беретін түрі жоқ. Дональд Трамп үшін сайлау науқаны басталады. Ал Нарендра Моди жақында ғана сайлауда жеңіске жеткен, сол себептен жақтастарының мүдделерін қорғауға бар күшін салмақ. Дегенмен жағдай тұрақталатынына сенгім келеді, АҚШ пен Үндістанның бұрыннан келе жатқан сауда қатынастары бар, бәріміз олардың әрі дамуын тілейміз.

Авторлары: Майра Әбдірахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы