386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда зейнет жасына жеткен мұғалімдерге жұмыстан кету ұсынылды

  • 143
  • UPD: 09:19, 08.09.2019

Грузияда білім беру саласында өтіп жатқан ауқымды реформа аясында зейнет жасына жеткен ұстаздарға жұмысынан кету ұсынылып отыр.

Жастарға орын беретін мұғалімдерге мемлекет қомақты өтемақы төлейтін болды. Бұл шара қоғамда үлкен дау туғызды. Неліктен тәжірибелі мамандар қысқартылады және олардың орнына кім келеді? Ата-аналарды осындай сауалдар толғандырып отыр.

"Простоквашино" мультфильмінен үзінді :

- Я может только жить начинаю – на пенсию перехожу: Бәлкім жаңа өмірім басталар, себебі зейнетке шықтым. 

Бәрі осылай ойласа, дау азаяр еді. Осы күзде зейнетке шығатын мұғалімдер үстемелермен қоса екі жылдық жалақысын алады. 67 жастағы Ася Дежанян 40 жылдан астам мектепте жұмыс істеп келген. Алғашында музыка мен биден сабақ берсе, кейін шет тілдер институтын тәмамдап, ағылшын тілін үйренген. Үкіметтің бұл бастамасын тосынсый ретінде қабылдапты және өкінбей жұмысынан кетті. 

Ася Дежанян, №98 мектептің мұғалімі:

- Университет бітірген жастарға жол беріп отырмыз, енді күш-қуаты мол қыз-жігіттер ұстаздық жолдың ыстық-суығын көрсін. Біз бұған өте ризамыз. Бұл менің және бұл сыйлықты алуды шешкен бүкіл әріптестерімінің пікірі. Мұндай құрметті күтпеп едік. Жеке өзім осы ақшаға саяхаттауды ұйғардым, тек Еуропаны аралап ғана қоймай, круизке де шығамын. 

Биыл күзде 6 мыңдай мұғалім зейнеткерлікке шығуды ұйғарыпты. Қараша айының басында олар сыйақысын алуы тиіс. 

Георгий Момцелидзе, №98 мектептің директоры:

- Грузия үкіметі жұмысының басым бағытын нақты белгіледі. Бұл білім беру саласы. Еліміз мұғалімдер еңбегін құрметтейді, сол себептен мектеп қызметкерлерінің жалақысын үнемі көтеріп тұрады. Бұл осы мамандықтың беделін өсіруге септігін тигізеді. Қазірде инновациялық әдістер мен заманауи тәсілдерді игерген жастардың қатары артып келеді. Бұл бәсекелестікті күшейтіп отыр. 

Мұғалімдер жалақысы олардың дәрежесі, жұмыс мөлшері мен сынып жетекшілігіне байланысты 300 бен 500 доллар арасында. Биылғы жылдан бастап айлықтары тағы да 50 долларға өседі. Болашақта да ұстаздар мен мектепте істейтін өзге қызметкерлердің табысы артпақшы.

Авторы: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы