387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде зейнетақы салымдарын мерзімінен ерте алуға болады

  • 157
  • UPD: 15:22, 09.09.2019
Израильде зейнетақы салымдарын мерзімінен ерте алуға болады vesty.co.il

Мемлекет басшысының жолдауында зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану мәселесінің көтерілгені белгілі.

Осы тұста «Хабар 24» арнасының тілшілері өзге мемлекеттердің тәжірибесіне үңіліп көрді. Мәселен, Израильдің зейнетақы жүйесі де қордағы қаржыны жұмсауды қарастырады. Алайда, оның өз тәртібі бар.

Израильде зейнетақы деген ұғым жоқ. Ерлер 67-ге, ал әйелдер 62-ге толғанда оларға мемлекет қазынасынан әлеуметтік төлем төленеді. Айына шамамен 450 АҚШ доллары. Қалғаны азаматтың еңбек өтілі мен жинаған қаражатына байланысты. 2008 жылдан бастап елде міндетті зейнетақы төлемдерін қарастыратын заң жобасы енгізілді. Соған сай бұл төлемдердің  басым көпшілігі жұмыс берушінің есебінен толығады. Бұған қызметкердің айлық табысының 20%-і қосылады.

Игорь Лупинский, зейнетақы бойынша кеңесші:

Зейнетақы қаражатының бір жақсы жері - оған салық салынбайды. Яғни, бұл - таза ақша. Одан түскен қаражат та салықтан босатылады. Бұл менің зейнетақыдан түскен қаражатымды еселей түседі.

Зейнетақыны сақтандыру компаниялары қаржыны қор нарығына құяды. Ал, тәуекел деңгейін белгілеу тұтынушының өз еркінде. Яғни, тұрғындар не қаупі де, пайдасы да көп жолды таңдайды, не болмаса тәуекелі мен түсімі аз тәсілге жүгінеді. Ертеректе зейнетақы жасына жеткендердің қордағы қаражатты бірден қолға алуға мүмкіндігі болды. Есесіне, жиған-тергенін оңды солды жұмсап, қалтасы жұқарғандар көбейді. Міне, осындай жағдайлар көбейген соң мемлекет бұл жүйеге өзгеріс енгізді.

Игорь Лупинский, зейнетақы бойынша кеңесші:

2008 жылы міндетті зейнетақы төлемін қарастыратын заң жүйесі енгізілген соң азаматтар жиналған қаражаттың барлығын бірден ала алмайтын болды. Қазір де солай. Есесіне, олар төлеммен қамтамасыз етілген. Мәселен, айына 10 мың шекель алып жүрдің бе, соны ал да ақырындап өміріңді сүре бер.

Қорда жиналған қаражат 240 төлемге, яғни 20 жылға бөлінеді. Бұл жерде Израиль азаматтарының орташа өмір сүру жасы ескерілген. Қазір бұл көрсеткіш - 82 жастың маңайында. Егер тұтынушы кенеттен көз жұмса, оның зейнетақысы ұл-қызына төленеді.

Ескеретін жайт, бұл төлемдер сақтандырылған. Яғни, зейнетақы компаниясы банкротқа ұшыраса, төлемнің үзілмейтініне мемлекет кепіл болады. Ал азамат 20 жылдан ұзақ жасаса, зейнетақы төлеудің өзге де механизмдері жүзеге асырылады.

Авторы: Сергей Ауслендер

 

Хабар 24 телеарнасы