387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарудан бас тартуы мүмкін

  • 179
  • UPD: 21:23, 09.09.2019

Егер «Талибан» радикалды қозғалысы уәде беріп, оны орындамаса Вашингтон тарапы қысым көрсетуін жалғастыра береді. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео CNN-нің тікелей эфирінде осылай деп мәлімдеді. Сондай-ақ, ол Американың Кабулға әскери қолдау көрсетуі үзілмейтінін айтты. Себебі тоғыз раундқа созылған кездесулерден тәліптер ешқандай шешімге келмеген. 

Майк Помпео, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- Дональд Трамп қойған талаптар орындалатынына сенімді болмайынша, Ауғанстан аумағынан өз әскерімізді шығармаймыз.  «Талибанның мыңдаған содырының көзін жойдық. Сондықтан, америкалықтар біздің ел ұстанымын қорғап отырғанымыздан хабардар болуы керек. Келісімге сенімді болып, қажетті қадамдарды көрмейінше  берілмейміз. 

Помпеоның бұлай деп мәлімдеме жасауына АҚШ Президенті Дональд Трамптың Твиттерге жариялаған сөзі түрткі болған. Ақ үй басшысы әлеуметтік желі арқылы тәліптер делегациясы және Ауғанстан Президенті Ашраф Ганимен жоспарланған келіссөздерге бармайтынын жеткізді. Оған «Талибан» өз мойнына  алған Кабулдағы лаңкестік әрекет себеп болып отыр. Айта кетейік, 5-ші қыркүйек күні Ауғанстан астанасында орналасқан АҚШ елшілігі жанында мина қойылған автокөлік жарылады. Салдарынан 12 адам көз жұмды. Оның қатарында америкалық 34-жастағы бірінші санат сержант Эллис Барерто Ортис та бар. Трамп осы оқиғадан тек екі күн өткен соң барып, яғни делегаттар АҚШ-қа келіп қойған кезде келіссөзден бас тартады.  

 «Талибан» көшбасшылары және Ауғанстан Президенті Ашраф Ганимен жеке-жеке кездеспек болғанбыз. Келіссөздер Кэмп-Дэвидте өтеді деп жоспарланған еді. Бірақ, тәліптер Кабулдағы жарылысты өз мойнына алғаннан соң, мен кездесуден бас тартып отырмын. Лаңкестік әрекеттен 11 адам және біздің әскеріміз көз жұмды. Жоспарланған кездесуді біле тұра, өз ұстанымын көрсету үшін адам өлтіретіндей қаншалықты қатыгез едіңдер? Жағдай тек ушыға түсті. Бейбіт келісімге келе алмаса, келіссөз өткізудің қажеті қанша? Бұл соғыс тағы 10 жылға созылады ма сонда? 

Трамптың бұл мәлімдемесіне «Талибан» радикалды қозғалысы дәл сол Твиттерде жауап қатып үлгерді. Олардың айтуынша Трамптың бұл шешімі тек жағдайды қиындата түседі. Тіпті америкалықтардың өлімі көбейеді делінген хабарламада. Естеріңізде болса тараптар лаңкестік әрекет болмай тұрып ортақ шешімге келгені жарияланған еді. Ол кезде АҚШ Ауғанстаннан өз әскерін әкетуге уәде берген. Тиісінше «Талибан» АҚШ және өзге елдерге шабуыл жасау үшін ел аумағын қолданбауы керек еді. Ендігі аяқсыз қалған келіссөзге Ауғанстан билігі алаңдай бастады. 

Седик Седикки, Ауғанстан президентінің баспасөз-хатшысы:

-Біз болашақта бұл мәселе шешімін табатынына сенімдіміз. Ауғанстан билігі мен халқы бірігіп бейбіт әрі тұрақты мемлекетке қол жеткізері айдан анық. Тәліптер елге шабул жасауын қоюы керек. Бейбіт келісім ары қарай жалғасын табуы керек.

Хабар 24 телеарнасы