387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-тағы 50 штаттың прокурорлары Google-ға қарсы ауқымды тергеу бастады

  • 147
  • UPD: 21:41, 10.09.2019

Осы ақпарат саласындағы ең ауқымды интернет-концерн саналатын Google қаншалықты монополист?

Өз қызметін жетілдірем деп өзгенің құқын бұзып жүрген жоқ па? Осындай күдікпен америкалық 50 штаттың прокурорлары бірігіп, компанияға қатысты ауқымды тергеу бастады. Бұған дейін дәл осындай іс Facebook-қа қарсы қозғалған еді. Ал, бірнеше күн бұрын Alphabet-қа тиесілі Google мен YouTube-қа 170 миллион доллар көлемінде айыппұл салынды. Адамның қолын ұзартып, қызығына еліткен ғаламтор функциялары билікке несімен жақпай қалды?

Прокурорлардың айтуынша, онлайн-жарнама нарығында қазір дәл осы Google үстемдікке ие. Бұл өзге компаниялардың дамуын тежеп, тұтынушылар үшін тарифтің қымбаттауына әкелуі мүмкін. Одан бөлек, «интернет-концерндер сайлауға араласты» деген күдік тағы бар.

АҚШ-тың 50-ге жуық штаты бірігіп, Google нарықта монополия орнатты деген күдікпен ауқымды тергеу жұмыстарын бастады. Бұл туралы Вашингтондағы Жоғарғы сот ғимаратының жанында Техастың бас прокуроры Кен Пэкстон мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеу тәуелсіз режимде өтеді. Басты себеп – компания өз қызметтерін ұсыну кезінде заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін деген күдіктер.

Кен Пэкстон, Техас штатының бас прокуроры:

- Бұл қылмыстық қудалау емес. Керісінше, нақты дәлелдер табуға арналған тергеу. Қазір жарнама саласы бойынша зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Әрбір минут сайын ғаламторда 3,8 млн іздеу операциясы жүзеге асырылады екен. Оның басым бөлігі осы Google-дің бақылауындағылар. Сондықтан тергеуде айғақтар табылса, тиісінше шешім шығарамыз.

Сондай-ақ прокурордың айтуынша, көптеген тұтынушылар Google-дің қызметі тегін деп ойлайды. Бірақ компанияның жылдық табысы 117 млрд доллар екенін ескерсек, мұнда ешқандай да тегін дүние жоқ. Шынында Google құлашын кеңге жайған. Ғаламтордағы жарнама, іздестіру жұмыстары, сатып алу мен сатуға бағытталған өтінімдер, тіпті видеоплатформалар да оған тиесілі.

Видеоплатформа демекші, осыдан бірнеше күн бұрын ғана АҚШ-тың федералды сауда комиссиясы Google мен YouTube-қа 170 миллион доллар көлемінде айыппұл салды. Себебі бұған дейін компания ата-ана рұқсатынсыз балалардың жеке мәліметтерін жинап, видео көру кезінде мақсатты жарнамалар көрсетіп келген. Бұл жаңалықтың да прокурорлар шешіміне әсер еткені айдан анық. Өйткені жыл өткен сайын Google сынды IT-компаниялар адамзаттың күнделікті өмірінде айтарлықтай рөл атқарады. «Сондықтан мұндай ықпал әрдайым қоғамдық бақылауда болуы керек», - дейді мамандар.

Шон Рейс, Юта штатының бас прокуроры:

- Барлық штат бірауыздан ауқымды компаниялардың жұмысын тексеруге бекініп отыр. Өйткені Google-дің нарықта үстемдігі тым артып кетті. Басқа компаниялар бұдан зардап шегуі мүмкін. Сондай-ақ әрбір тұтынушының құқығын қорғау басты мақсатымыз. Қазір олардың жеке мәліметтері түрлі мақсатта қолданылып жүруі - заңсыз әрекеттер.

Бұл ауқымды тергеу жұмыстарына Калифорния және Алабама штаттарының билігі ғана қатыспаған. Себебі олар дәл осындай тексеріс жұмыстарын Facebook-ке қарсы жүргізіп жатыр. Ия, бұл интернет-корпарация да сын садағының астында қазір. Себебі жақын күдері 419 млн бағдарлама қолданушыларының телефон нөмірлері желіге рұқсатсыз тарап кеткен. Бүгінде бас прокуратура әлеуметтік желі әкімшілігінің қателігінен жеке мәліметтерге қауіптің келген-келмегенін анықтап жатыр. Бұл тізімде қазақстандық Facebook қолданушыларының жеке мәліметтері бар-жоғы белгісіз.

Арман Әбдірәсілов, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры:

- Жылдан жылға адамдардың жеке мәліметі туралы ақпараттар қымбаттап барады. Тіпті қазір ол жаңа ғасырдың мұнайы деп аталады. Сол себепті де, әрбір жерден, әрбір технологиядан жиналып жатыр. Оның ішінде ұялы телефонымыз бар және түрлі желілерге тіркелу бар. Мысалы, бұған дейін «Кембридж Аналитика» Facebook компаниясынан азамттардың жеке мәліметтерін сатып алып, АҚШ-тағы сайлау қорытындысын өзгерту үшін қолданған. Қазір бағалау методологиясы бойынша бір адамның жеке мәліметі айлық табысының 10%-ін құрайды. Сондықтан жеке ақпарат деген қазіргі заманда кәдімгі бизнеске айналды.

 

Google мен Facebook-ке қарсы Ресей де тергеу бастауы мүмкін

Facebook-ке қатысты дәл осындай дау Ресейде де туындады. Бұл даудың ішінде Google де бар. Соңғы ақпарлар бойынша осы екі интернет-концерн Ресейде 8 қыркүйек күні өткен сайлау үдерісіне араласқан. Енді Мәскеудің Мемлекеттік думасы да Google мен Facebook-ке қатысты тергеу жұмыстарын бастауы мүмкін.

Вадим Ампелонский, Байланыс, ақпараттық технологиялар  және бұқаралық коммуникацияларды қадағалау федералды қызметінің баспасөз хатшысы:

- Ресейде өткен сайлау кезінде Google, Facebook және YouTube компанияларының саяси жарнамаларды таратқаны анықталды. Бұл әрекетті мемлекеттің ішкі жағдайына араласу деп бағалап отырмыз. Шетелдік компания осылайша, Ресей Федерациясындағы сайлаудың демократиялық түрде өтуіне кедергі келтіруі мүмкін. Бұл заңбұзушылық әрекеттер туралы мәліметтерді парламенттік комиссияға тапсырамыз.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай жаппай тексерулер Дональд Трамптың тапсырмасы-мыс. Өйткені Ақ үй басшысы бұған дейін Twitter, Google мен Facebook-тің жұмысына көңілі толмайтынын айтып қалған. Сондай-ақ америкалық билік өкілдері осы сынды тергеуді Amazon мен Apple-ге қатысты да жүргізуі мүмкін.

Бұған дейін Apple-дің iPhone телефондарындағы Siri бағдарламасы тұтынушылардың дауысын жазып, әңгімесін тыңдап келгені анықталған. Тергеу жұмыстары осыған байланысты өрбуі мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы