386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биньямин Нетаньяхудың мәлімдемесі бүкіл әлемді дүр сілкіндірді

  • 158
  • UPD: 09:34, 12.09.2019
Биньямин Нетаньяхудың мәлімдемесі бүкіл әлемді дүр сілкіндірді

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Иордан өзенінің Батыс жағалауын басып алу ниеті бар екенін жариялады. Оның бұл мәлімдемесі халықаралық дау туғызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Араб елдері өз наразылығын білдіріп жатыр, ал палестиналық жасақшылар Израильдің оңтүстігін атқылауға кірісті.

Нетаньяхудың мәлімдемесі бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Израиль премьер-министрі алғаш рет Иудея, Самария және Иордан алқабын басып алу ниетін ашық айтты. Бұл аумақ Палестина автономиясының Батыс жағалауы деген атауымен белгілі.

Беньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Президент Трампты құрметтегендіктен, оның саяси жоспары жарияланбай бұл бағытта еш қимыл жасамаймын. Мүмкіндігінше өз қадамдарымызды АҚШ-пен үйлестіргім келеді. Бұл осы қауіпсіздік саласында осы саясат пен қағидаттарды ұстанатын коалицияны құруды қажет етеді. Алайда сайлаудан кейін азаматтарымыздың нақты қолдауына ие болсақ, Израиль егемендігін қолдануға болатын бір жер бар. Келесі үкімет құрамын жасақтағаннан кейін Иордан өзенінің алқабы және Өлі теңіздің солтүстік жағына Израиль егемендігін жариялауға ниетім бар.

Мәлімдемеден соң көп ұзамай үлкен дау басталып кетті. Араб мемлекеттер лигасы «бұл БҰҰ қағидаттарын өрескел бұзу» деп мәлімдеді. Иордания сыртқы істер министрлігі мұндай қимыл тек жағдайды ушықтыратынын ескертті. Ал палестиндіктер болса, бұл бейбітшілік орнайды деген бар үмітті үзеді дейді.

Саиб Арикат, Палестина автономиясының ресми өкілі:

Жерді басып алу - әскери қылмыс. Нетаньяху мырза және оған Иерусалим, Хеврон, Иордан алқабын басып алуға және палестиндіктерді олардың шағын қалалары мен ауылдарында тұтқын ретінде ұстауға көмектесіп жүргендер әскери қылмыс жасап жүр. Біз БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясына қатысып, халықаралық қауымдастыққа шағымданбақпыз.

Нетаньяхудың мәлімдемесінен екі сағат өткеннен кейін Газа аймағынан Израильге зымырандар атқылана бастады. Израиль премьер-министрі осы уақытта Ашдод қаласында сайлаушылармен кездесіп жатқан болатын. Сөзін дабыл бөліп, оққағарлары оны қауіпсіз жерге шығарды. Енді жағдайдың қалай өрбитіні сайлау нәтижелеріне байланысты. Егер Нетаньяху бесінші рет премьер-министр болып сайланса, Палестина басқыншылыққа ұшырайтын түрі бар. Ал бұл Таяу Шығыстағы жағдайды одан әрі ушықтыра түсері анық.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы