387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әзербайжанда жас мамандарға қандай жеңілдіктер қарастырылған

  • 127
  • UPD: 12:33, 13.09.2019

Аймақтарда, әсіресе алшақтағы елді мекендерде білікті мамандардың тапшылығы байқалады.

Ауылдарға жастарды тарту үшін ынталандыру шаралары қажет. Мәселен, Әзербайжанда мұғалімдерге арналған арнайы бағдарлама бар. Ол ауылға көшіп, жұмыс істейтін мамандарға жеңілдіктер беруді қарастырады.

Әзербайжан үкіметі алшақтағы елді мекендерде жұмыс істейтін мамандарды ынталандыру шараларын осыдан 5 жыл бұрын қабылдаған. Камиль Агаев – ұсынылған жеңілдіктерді пайдаланған жастардың бірі. География пәнінің оқытушысы қазір үйінен 250 шақырым қашықтықта жұмыс істейді.

Камиль Агаев, география пәнінің оқытушысы:

– 2018 жылы оқуымды бітіргеннен кейін Аханг таулы ауылында жұмысқа тұрдым. Ол теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте орналасқан. Ұстаздық тәжірибе алу үшін алыс жерде жұмыс істеуге бел будым. Әрине қалаға үйренгендіктен, маған таудағы ауылда тұру қиын. Өйткені жұмысымнан бөлек тұрмыстық мәселелерді шешу керек. Үш жыл жұмыс істегеннен кейін Бакуге оралғым келеді.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша, мектеп аудан орталығынан 2 мен 20 шақырым аралығында орналасса, ай сайын жалақысына 35 доллар, одан көп болса 95 доллар қосылады. Сонымен қатар мұғалімнің баспана салуға мүмкіндігі болуы үшін жер телімі бөлінеді. Бұл жеңілдіктер үш жыл бойы беріледі. Бірақ оның мерзімін екі жылға ұзартуға болады. Алайда көбісі үш жыл өтісімен қалаға оралады.

Камран Асадов, білім беру саласының сарапшысы:

– Бұл шаралар жеткіліксіз деп санаймын. Өйткені адам жаңа жерге тұрмысын түзейді. Сол себептен бұл мұғалімдерге жеңілдіктерді кеңейту қажет. Ең алдымен басында берілетін бір реттік төлемді көбейту керек. Сондай-ақ мемлекет қаржысынан қызмет пәтерлерін салуға болады. Ауылды жерде жалға пәтер немесе үй табу өте қиын.

Сарапшылардың пікірінше, мұғалімдерді қоғамдық көліктерде жол ақысынан, коммуналдық төлемдерден босату немесе жалақысын көтеру қажет. Жоғары оқу орындарын бітірген жастарды ауылдарда қалдыру үшін оларға көбірек қолдау көрсету керек.

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы