387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тәжікстан туристерге несімен қызық

  • 168
  • UPD: 15:25, 13.09.2019

Тәжікстанның тұмса табиғатымен қатар, бойына талай ғасырлық сыр сақтаған мекендері шетелдік туристердің назарын аудара бастады.

Бұл елде 3 мыңнан астам көне ескерткіш бар. Сырттан келген саяхатшылардың дені атақты Гиссар тарихи-мәдени қорығына бас сұқпай кетпейді. Ұлы Жібек жолындағы керуен қаласының негізінде құрылған кешен 17 гектардан астам аумақты алып жатыр.

Бұл – тарихы 3 мың жылдан асатын Гиссар қамалы. Осы жерден Ұлы Жібек жолы өткен. Мұнда 4 үлкен көшпелі базар орналасыпты. Ал тарихқа үңілетін болсақ, дәл осы қамалды Ескендір патша, Шыңғысханның екінші ұлы Шағатай және Әмір Темір жаулап алып, мекен еткен екен.

ХХ ғасырдың 20 жылдарына дейін Шығыс Бұқара әмірлігінің астанасы болған Гиссар шаһарының тарихы бағзы заманнан бастау алады. Қамал б.з.б. 8 ғасырға дейін «Шумон» яғни «жер маңдайы» деп аталыпты. VIІІ ғасырдан билік толықтай ислам елдері әмірлерінің қолына көшкен. Оның жұрнақтары болып табылатын көне медресе, кесенелер мен мешіт сынды діни нысандар бүгінде қайта қалпына келтіріле бастады.

Рустам Заипов, Гиссар тарихи-мәдени қорығының қызметкері:

– Мұнда патшалар, әскерилер және қарапайым халық тұратын нысандар болған. Сонымен қатар қол өнер шеберлері де мекен еткен. Тіпті осы жерден тас дәуіріне тән жәдігерлер табылды. Ол көне қалдықтар шамамен 8 мың жылдық тарихы бар мәдениетке жатады. Сондай-ақ қола кезеңінің моласы анықталды. Осының бәрі Гиссардың тарихы бай әрі ежелгі қала екенін айғақтайды.

Ұлы Жібек жолының бойындағы қамалға патшалардың қызығытын жөні бар. Себебі мұнда бақшадан жылына үш рет өнім алуға болады. Шөбі шүйгін, суы мөлдір мекенді қазір туристер тамашалап жүр.

Жалпы бекініс теңіз деңгейінен 850 метр биіктікте жайғасқан. Кешеннің ең биік шыңында шаһардың соңғы әміршісінің сарайы да қалпына келтірілген. Мұнда әлі де жаңғыртуды талап ететін тарихи нысандар жетіп артылады, дейді мамандар. Бүгінде Гиссар алқабындағы сәулетті нысанның тек 20 пайызы ғана зерттелген. Сырға толы жұмбақ мекен тарихқа тұнып тұр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы