387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Колумбия көршілес Венесуэладан 1 млн 400 мың босқынды қабылдады

  • 169
  • UPD: 21:52, 13.09.2019

Колумбияның құшағы кең. Көршілес Венесуэладан бас сауғалап келген 1 миллион 400 мың босқынды қабылдады.

Дегенмен, өз халқы әрең күнелтіп отырған Боготаның бұл кең пейілі ұзаққа бармайтын түрі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі мигранттардың басым бөлігі қариялар мен балалар. Олардың тамақ пен дәрі-дәрмекке көк тиыны жоқ. Сөйтіп, Колумбия босқындарды қабылдауын қабылдағанмен, асырауға қауқарсыз екенін білдірді. Әзірге Еуропалық Одақ қана бұл елге 30 миллион еуро көлемінде қаражат бөлді. Латын Америкасындағы дағдарыс жайлы толығырақ әріптесім Жансұлу Дүйсенәлі айтады.

Босқындардың басым бөлігі екі елдің шекарасындағы орталықтан. Десе де, далаға түнеп жатқан қарттар мен балалар бар. Ал, БҰҰ ашқан арнайы орталыққа тек 350 адам ғана сыйған.

 

ЕО Боготаға €30 млн бөледі

Каракастағы саяси-экономикалық дағдарыстың салдары көршілес елдерге де әсер етпей қоймады. Соңғы уақытта Венесуэладағы тұрақсыздықтан қажып, 4 миллион тұрғын басқа елге қоныс аударған. Оның миллионнан астамы бас сауғалап, көршілес Колумбияға барған. Онсыз да жағдайы мәз емес мемлекет «елге келген мигранттардың тұрмыс деңгейі өте нашар» деп дабыл қақты. Тіпті көбінің ауруханаға қаралуға, дәрі-дәрмекке ақшасы жоқ. Сондықтан халықаралық ұйымдардан көмек сұрады. Боготаға іссапармен келген Федерика Могерини Еуроодақтың Колумбияға қаржылай қолдау көрсететінін жеткізді.

Федерика Могерини, ЕО Сыртқы істер бойынша жоғары өкілі:

- Еуропалық Одақ 30 миллион еуро көлемінде босқындарға көмек көрсетеді. Бұл қаражат мигранттардың жеке тұлғасын анықтауға және әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсетуге жұмсалады. Колумбия бір өзі мұндай ауыр жүкті көтере алмайды. Халықаралық қолдау міндетті түрде болу керек. Еуроодақ әрдайым көмектесуге дайын.

Тағы бір жайт, ағылып келіп жатқан мигранттар үшін Колумбия шекарасы ашық. Богота тек елге заңсыз келгендердің тіркеуден өтуін сұрап отыр. Мемлекет басшысы Иван Дуке өз кезегінде соңғы бірнеше жылда Колумбияда дүниеге келген 24 мың венесуэллалық балаларға азаматтық берілетінін де айтты.

Федерика Могерини, ЕО Сыртқы істер бойынша жоғары өкілі:

- Колумбиялық үкіметтің бұл қадамдары барлық әлемге үлгі боларлық әрекет. Бұл орайда үкімет пен жергілікті билік өкілдерінің бастамаларын бір ауыздан қолдаймыз. Олар босқындарға жұмысқа тұруға, баспана табуға көмектесіп жатыр.

Ал, Венесуэланың өзінде қазір жағдай өте қиын. Елде экономикалық, одан қалды саяси дағдарыс өршіп барады. Дүкен сөрелерінде мүлдем азық-түлік жоқ. Дәрі-дәрмек тіптен тапшы. Созылмалы ауруға шалдыққан 400 мыңға жуық науқас ем ала алмай отыр. Халықаралық санкциялар тағы бар. Мұнай экспортының қысқаруы салдарынан мемлекеттің кірісі де кеміген. Одан бөлек, БҰҰ ақпарына сәйкес елде адам құқықтары жиі бұзылады.

Мишель Бачелет, БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары:

Елде сөз бостандығы жоқ. Артық сөйлеген жанды елден қуып жіберуі мүмкін. Адам құқығы бұл елде көк тиын. Ал, экономикалық санкциялар жағдайды тіптен қиындатты. Мемлекет бұл шектеулерден кейін тұрғындарға ең қажетті деген дәрі-дәрмектің өзін жеткізе алмай отыр.

Ал бұл уақытта миллиондаған адамы босып кеткен Каракас елдің ішкі жағдайына алаңдап отырған жоқ. Керісінше, Колумбия бізге шабуыл жасауы мүмкін деп шекарада әскери оқу-жаттығу жұмыстарын бастап кетті. Николас Мадуроның бұйырығымен бұл шара 28 қыркүйекке дейін жалғасады. Ел басшысының пікірінше, Каракас ешкімге сес көрсетіп отырған жоқ, тек өз елі аумағын қорғауға дайындық жүргізеді.

Николас Мадуро, Венесуэла президенті:

Ұлттық қарулы күштерге тапсырма бердім. Қыркүйектің 10-28 аралығында шекарада әскери оқу-жаттығуларын жүргізеді. Бұл әрекет қарулы қақтығыс немесе соғыс болады деген сөз емес. Керісінше, біз бейбітшілік пен тұрақтылықты қалаймыз. Сол үшін кез келген ел сияқты шекарамызды қорғаймыз деген сөз.

Ал, Колумбия билігі Венесуэланы айыптады. Олардың меңзеуінше Каракас «ФАРК» радикалды ұйымының содырларын паналатып, жасырып отыр. Не десе де, тараптар арасындағы қарым-қатынас ушығып тұр. Ал, барар жер, басар тауы жоқ кәрі-құртаң мен бала-шаға кімнен көмек сұрарын білмейді. Босқындардың осы жағдайын ескеріп, халықаралық ұйымдар бір көмек береді деген үміт бар. Бірақ ол көмек қашан болады? Белгісіз.

Хабар 24 телеарнасы