389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-та электронды темекінің кесірінен 6 адам қайтыс болды

  • 249
  • UPD: 16:54, 14.09.2019

АҚШ-та электронды темекі төңірегінде тартыс туды. Даудың басы адам өлімі. Осыған байланысты билік өкілдері хош иісті электронды шылым шегуге тыйым салуды көздеп отыр. Бірақ бұл бастамаға кәсіпкерлер мен тұтынушылар жаппай қарсы. Себебі жұрт қайтадан шылым шегуге оралады. 

Қазір Америкада электронды темекі жоғары сұранысқа ие. Жарнамасы да тұтынушыларды еліктіріп, олардың қатарын күн санап көбейтіп келеді. Бірақ зардап шеккендердің де қарасы азаяр емес. Соңғы 2 апта ішінде электронды темекінің кесірінен Америкада 6 адам қаза тапты. Бұдан бөлек «вейпинг» деп аталатын зиянды әдеттен 33 штатта шамамен 450 адам ауыр дертке ұшыраған. Осыған байланысты Дональд Трамп әкімшілігі хош иісі бар түтінсіз темекіге шектеу қойды. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Біз азаматтардың ауруға шалдығуына жол бере алмаймыз. Вейп өнімінен адамдар көз жұмып жатыр. Сондықтан бұл мәселені жіті назарда ұстап отырмыз. 

Алаңдауға негіз бар. Себебі электронды темекіден шыққан түтін денсаулыққа аса зиян. Арнайы зерттеу жүргізген мамандардың айтуынша, вейп құрамында шамадан тыс Е дәрумені бар. Яғни ол адам ағзасына пайдалы болғанымен газ күйінде кері әсерін тигізеді. Сондықтан дәрігерлер темекінің зиянынан ең алдымен балалар мен жасөспірімдерді қорғау керектігін айтады. Себебі шылымның осы бір түріне 5 миллионға жуық бала әуес. 

Роберт Глэттер, Lenox Hill ауруханасының реаниматолог-дәрігері:

- Түтінсіз темекі өте қауіпті. Бұл туралы ата-аналар білуі тиіс. Өйткені электронды темекіні көбіне балалар тартады. Ересектер соның салдарын балаларға жақсылап түсіндіруі қажет. Себебі вейптен тек никотинге тәуелділік қана туындамайды. Компьютерлік томография көрсеткендей, ол өкпеге де айтарлықтай зақым келтіреді. Бұған қоса, жүрек пен қан қысымына кері әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда, адам өз ағзасына жай ғана ыстық буды жіберіп жатпағанын түсінуі керек. Себебі оның құрамында түрлі альдегидтер мен спирт бар. 

Ал тыйым салуды қолдамайтындардың өз уәжі бар. Олардың айтуынша, шын шылымнан гөрі электрондық темекі қауіпсіз. Егер вейпті қолданушылардың көбі бұған дейін кәдімгі шылым шеккендер екенін ескерсек, электронды нұсқасына тыйым салынған жағдайда жұрт қайтадан темекі тартуға көшеді. 

Кевин Суазо, вейп дүкенінің меңгерушісі:

- Мен вейп өнімін 5 жылдай қолданып келемін. Ешқашан ауырған емеспін. Вейп күнделікті қолданатын затқа айналды. Электронды темекі дүкеніне келушілер де риза. Ешкім шағымданған емес. Сондықтан қолымыздан келгенше оны ары қарай дамытуға тырысып жатырмыз. Бірақ соңғы екі апта кәдімгідей қыспаққа түстік. Егер шынымен де, тыйым салынса, жүздеген мың адам қайтадан шылым шеге бастайды. Ал оның өлімге апаратыны бұрыннан белгілі. 

Бизнестің қамын күйттеушілердің пікірінше, мұндай шектеу адам ағзасына зиянын тигізіп қана қоймай, кірісі көп кәсіпке де айтарлықтай шығын келтіреді. Сөйтіп, қоғамда екіұшты пікір қалыптастырған электронды темекінің де зияны мәлім болды. Енді еліккен жұрт қойылған шектеуге мойынсұнып жатса құба-құп.

Авторы: Ғани Мұқаш

Хабар 24 телеарнасы