389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Владимир Путин: АҚШ әскері Сирия аумағында заңсыз жүр

  • 252
  • UPD: 22:20, 17.09.2019

Астана процесінің кепіл мемлекеттері Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды.

Шам еліндегі бейбітшілікке тек бейбіт түрдегі саяси диолог арқылы қол жеткізуге болады. Сирия мәселесіне арналған Анкарадағы саммитте Түркия, Ресей мен Иран басшылары осындай мәлімдеме жасады.

Сириядағы ахуал алғаш рет талқыланып жатқан жоқ. Саммитке қатысушы әр елдің көздеген мақсаты бар. Мысалы, Түркия, АҚШ пен Еуропа елдері Сириядағы оппозиция өкілдерін қолдаса, Ресей мен Иран Башар Асадтың жақтастары болып отыр.

Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға арналған Астана процесінің кепіл-мемлекет көшбасшылары Анкараның төрінде бас қосты. Бесінші кездесуге Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Иран президенті Хасан Рухани мен Ресей президенті Владимир Путин қатысты. Түркия басшысы бұл кездесуге үлкен үміт артты. Ердоған күн тәртібінде белгіленген мәселелердің барлығы жан-жақты талқыланып, тараптар ортақ мәлілеге келуін қалайтынын айтты.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

– Бүгінгі кездесудің басты тақырыбы – Идлибтегі ахуал мен Ефрат өзенінің шығысындағы жағдай болмақ. Сириялық босқындардың жағдайы назардан тыс қалмайды. Астана процесінің жалғасын тапқан бұл саммитте аймақтағы саяси ахуалды реттеу үшін нақты шешімдер қабылданады деп үміттенемін.

Түрік елі бірнеше айдан бері халықаралық жиынға әзірленді. Саммит күн тәртібінде қарастырылатын мәселелерді жеке-жеке кепіл ел басшыларымен пысықтады. Бұл жолғы кездесу тарихи «Чанкая» резиденциясында өтті. Шаһарда қауіпсіздік шаралары артып, меймандарды қорғауға мыңдаған сақшы жұмылдырылды.

Астана процесі нақты нәтиже бере бастады. Алайда бұл оңайға соққан жоқ. Бүгінгі қорытындыға жету үшін бірқатар келіссөздердің легі ұйымдастырылды. Түркия, Ресей мен Иран басшылары 2017 жылы өткен бірінші саммитте қақтығысушы тараптарды тек қана келіссөзге шақырса, бүгінде Сириядағы конституциялық комитеттің құрылуы жағдайды реттеуге аз уақыттың қалғанын білдіріп отыр. Анкарадағы бесінші саммитте конституциялық комитеттің құрамы бекітілді. Енді ол Женевада өз жұмысын бастауы тиіс. Сондай-ақ Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға арналған Астана процесінің кепіл-мемлекет көшбасшылары, Шам елінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтындығын айтып, тұрақты бейбітшілікке тек қана саяси жолмен қол жеткізуге болатындығын тағы бір рет тілге тиек етті.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, осы жолы Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған мен оның ресейлік әріптесі Владимир Путин Сирия мәселесінен бөлек әскери-техникалық серіктестікті де талқылады. Айта кетейік, таяуда ғана Ресей Түркияға зымыран жүйесін тағы да жіберген болатын. Сонымен қатар тараптар аймақта тұрақтылықты орнату үшін өз пікірлерімен бөлісті. Мысалы, Иран президенті Хасан рухани Сирияны тәуелсіз ел ретінде сақтап қалу үшін аймақтан шетел әскерін шығару керек деген ойды алға тартты. Ресейлік басшы да бұл пікірмен толықтай келісіп отыр.

Хасан Рухани, Иран президенті:

– АҚШ Сирия аумағына өз әскерін кіргізу арқылы бұл елдің ұлттық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп отыр. Америкалық әскер аймақтан шұғыл шығарылуы керек. Ал Сирия үкіметі Евфрат өзенінің шығысымен солтүстік өңірін өз бақылауына алуы қажет. Бұл оның қолынан келеді деп ойлаймын.

Владимир Путин, Ресей президенті:

– Идлиб аймағындағы ахуал ушығып тұр. Тіпті өңірдегі кейбір террорлық ұйымдар одан бетер белсенділік танытып отыр. Әріптестер, содырлардың қоқан-лоққысымен бірігіп күресуіміз керек. Ал аймақтан АҚШ әскерін шығару туралы пікірді толығымен қолдаймын. Олар Сирия аумағында заңсыз жүр. Мұны барлығымыз білеміз.

Мемлекет басшылары Сириядағы гуманитарлық жағдайға да тоқталды. Одан бөлек Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Сирияда босқындар үшін арнайы қауіпсіз аймақ құру қажет деген пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл өңір Түркия шекарасынан Дейр-эз-Зор мен Ракка қаласына дейін созылып, өзге елдерде бас сауғалап жүрген босқындарға пана болар еді.

Кезекті саммиттің 6-отырысы Тегеранда өтетін болды. Ал оның дәл қай уақытта болатыны әзірге белгісіз.

Хабар 24 телеарнасы