389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемдік мұнай нарығы құбылып тұр

  • 237
  • UPD: 10:17, 18.09.2019

Соңғы күндері әлемдік мұнай нарығы құбылып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған негізінен АҚШ пен Иран арасындағы текетірес себеп. Алдымен Ақ үй әкімшілігі Тегеранға қарсы санкцияларын жұмсартуға ниетті деген сыбыс шығып, қара алтынның бағасы арзандаған болатын. Алайда, Сауд Арабиясының мұнай өндіруші инфрақұрылымына дрондармен жасалған шабуылдан кейін, баға шарықтап кетті.

Таяуда АҚШ-тың бір ақпарат агенттігі Дональд Трамп қаржы министрімен Иранға қарсы санкцияларды жұмсарту жайын пысықтағанын жариялаған болатын. Осыдан кейін мұнай бағасы 3% төмендеді. Алайда Иран экономистерінің қуанышы ұзаққа созылмады. Дүйсенбіде Сауд Арабиясы шикізат өндірісін қысқартатынын жариялады. Бұған дрондардың шабуылынан кейінгі мұнай кешендерінде болған өрт себеп. Бұл шабуылдың кесірінен араб мемлекетіндегі қара алтын өндірісі екі есе төмендеді. Қастандық үшін жауапкершілікті Йемендегі хусит жасақшылары өзіне артқан. Алайда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео бар бәлені Иранға жауып тұр.

Сайед Хамид Хосейни, Иран мұнай экспортёрлері одағының баспасөз хатшысы:

- Өрт шыққан Aramko зауыты 7 млн баррель мұнайды өңдейтін. Сарапшылардың болжамынша, егер Эр-Рияд өндірісін тез арада қалпына келтіре алмаса, мұнай бағасы 80 долларға дейін көтеріледі. Сауд Арабиясында шикізат азайды, бұл Иранның мұнай нарығына оралуы үшін ең жақсы сәт. Эр-Риядтың өндірісті қалпына келтіруге тек 40 күні бар, олардың мұнай қоры тек осы мерзімге жетеді.

Соңғы жылдары мұнай нарығында баға 50-ден 70 долларға дейін ауытқып жүр. Сарапшылардың есебінше, бұл мұнай өндіруші және тұтынушы елдер үшін де қолайлы. Алайда әлемдегі саяси жағдай бұл қалыптасқан  жүйені түпкілікті өзгертуі ықтимал.

Саид Савиз, мұнай және газ саласының сарапшысы:

- Қазір кейбір альянстар Иран мен Венесуэланы ОПЕК-тен шығаруға бар күшін салып жатыр. Бірақ бұл мүмкін емес, өйткені бұл елдер осы ұйымның құрылтайшылары. Жалпы бүгінде мұнайды сатып алушы елдер нарықтағы жағдайға әсер етуге тырысып отыр. Олардың мақсаты бір баррельдің бағасын 50 доллардан асырмау болып тұр. Бұл саясаттың қарсыластары керісінше бағаны 70 доллардан жоғары көтеруді көздейді. Осының салдарынан түрлі айлаларға барып, саяси қадамдар жасайды. 

Расында да, соңғы бірнеше күнде мұнай бағасы құбылып тұр. Қазір Сауд Арабиясының мұнай экспорты күніне 5 миллион баррельге азайған, ал бұл бағаның қайта шарықтауына әкелуі мүмкін. Алайда сарапшылар қара алтын күрт қымбаттаса да, бұл уақытша үрдіс болатынына сенімді. Энергияның жаңа көздерін игеру арқасында болашақта мұнай қуат өндіруде негізгі шикізат болуынан қалатын түрі бар.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы