389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Франция билігі заңсыз мигранттар мәселесін мықтап қолға алды

  • 210
  • UPD: 20:46, 18.09.2019

Ел аумағындағы ДюнкЕрк коммунасында орналасқан келімсектердің ең ірі  лагері жабылды. Бұған аймақты тазарту туралы соттың шешімі себеп.

Мәселен, бұл жерде мекендеген шетелдіктердің саны мыңнан асып кеткен. Олардың арасында әйелдер мен балалар көп. Арнайы операцияға жүзден астам сақшы жұмылдырылды. Мигранттардың барлығын бір жерде ұстау үшін тәртіп сақшылары лагерьге алатаңнан жеткен. Айтпақшы, бұл операцияны Ұлыбританияның ішкі істер министрлігі де жіті бақылап отырды. Мәселен Франциямен шекаралас ел болғандықтан босқындардың көбі Біріккен Королдікке өтіп кетуге асық.

Мартиал беярт, Гранд-сент мэрі: 

- Бұған дейін де Гранд-Сент комуннасында да босқындарды еліне қайтару операциясын жүргізген болатынбыз. Қазір үкіметпен бір келісімге келгеннен кейін жағдай әлдеқайда жақсы деп ойлаймын. Амал жоқ, мигранттар заңға қарсы шыға алмайды.

Клер Мило, мигранттарға көмек ұйымының бас хатшысы: 

- Келімсектер еш қарсылық көрсетіп жатқан жоқ. Өйткені бүлік шығарса түрмеге түсетіндерін жақсы біледі. Сондықтан өз еріктерімен автобусқа отырып жатыр. Тәртіп сақшыларының тарапынан да күш көрсету болған жоқ. Біз оларды бөліп - бөліп өзге жерге жайғастырамыз. Тамақтануға және жуынуға жағдайлары болады. Көбі қайтсе де Ұлыбританияға жетеміз деп бекініп отыр. 

Осы аптада «Оушен викинг» кемесінің қызметкерлері  Ливия жағалауында суға кетіп бара жатқан бірнеше кемені құтқарды. Мамандар 109 мигранттың өмірін аман алып қалған. Олардың арасында жаңа туған қызылшақа нәресте де бар. Барлығы дәрігерлердің көмегіне жүгініп, уақытша лагерьлерге орналастырылған.

Естеріңізге салсақ, осыдан 4 жыл бұрын Еуропадағы миграциялық дағдарыс кезінде кәрі құрлықтың дамыған елдеріне Таяу Шығыс, Солтүстік Африка мен Орталық Азия елдерінен,, кірмелер ағыла бастаған. Ол кезде еш қиындықсыз еуропаның кез келген мемлекетіне өтетін. Тек Скандинавияның кейбір елдері ғана босқындарды қабылдауға үзілді-кесілді қарсы болған. Уақыт өте келе,, мигранттарға жұлдызы қарсы елдердің қатары артты. Бірақ бұған қарап босқындар азайған жоқ. Мысалы Грекияға тамыз айында 7 мыңнан астам мигрант келді. Бұндай көрсеткіш бұрын соңды болмаған. Ал өткен аптада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сириядағы босқындар мәселесі шешілмесе, мигранттар үшін Еуропаға апарар жолды қайта ашамын деп Еуроодақты алаңдатып қойды.

Хайко Маас, Германия Сыртқы істер министрі: 

- Түркиядан Грекияға келгендердің саны артып барады. Бұл жайт бәрімізді алаңдатып отыр. Еуроодақ пен Түркия арасындағы келісім күшінде болуы керек. Біздің тарапымыздан барлық міндеттер орындалады. Түркия билігі де уәдесінде тұруы тиіс.

БҰҰ-ның мәліметіне сәйкес, 2019 жылы әлем бойынша заңсыз мигранттардың саны 272 млн-ға жетті. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 51 млн көп. Яғни өзге елден бас сауғалап жүргендердің саны жер бетіндегі халық санынының өсімімен салыстырғанда әлдеқайда артық. Бүгінде әлем жұртының 3 жарым процентін  мигранттар құрап отыр.

Хабар 24 телеарнасы