389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үндістан электронды темекінің өндірісіне тыйым салды

  • 225
  • UPD: 23:40, 19.09.2019
Үндістан электронды темекінің өндірісіне тыйым салды BBC

Үндістан министрлер кабинеті электронды темекінің өндірісіне, сатылымы мен импортына тыйым салып, оның денсаулыққа қауіпті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.

Қаржы министрі Нирмала Ситхараман Үкімет жастарға кері әсер тигізіп жатқан вейпинг өнімдеріне (электронды темекі тарту) тыйым салуды бекіткенін хабарлады.

Айта кеткен жөн, Үндістанда темекі тартатын ересектер саны 100 млн адамнан асады. Бұл электронды темекі шығаратын компаниялар үшін әлеуетті нарық саналады.

Никотиннен, судан, ерітінділер мен хош иістендіргіштерден тұратын вейпинг – темекінің балама түрі. Ол шылым шегуден арылуға көмектесуі мүмкін. Бірақ оның денсаулыққа әсері әлі де толық зерттелмеген.

Осы заңды бұзушылар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Айта кетейік, дәстүрлі темекі өнімдеріне тыйым салынған жоқ.

«Электронды темекіні өндіру, жасап шығару, оны сату, импорттау және экспорттау, онымен байланысты жарнамалар таратуға тыйым салынды», - деді Ситхараман баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, АҚШ пен Үндістанда жүргізілген зерттеу бойынша кейбір жастар вейпингті «заманауи стильдің бір бөлігі» деп санайды.

Үндістан темекі өнімдерін тұтыну жағынан әлемде Қытайдан кейін екінші орында тұр. Осылайша, бұл елде жыл сайын 900 мыңнан астам адам темекі салдарынан болатын ауруларға шалдығып, көз жұмуда.

Алайда, Үндістанның денсаулық сақтау министрлігі қоғам, ең алдымен, вейпингтің жастар арасында «эпидемияға айналуына» жол бермеуіне көңіл аударуы керек екенін алға тартады.

Айта кетейік, 2018 жылы АҚШ, Ұлыбритания және Франциядағы вейперлер түтіні жоқ темекі мен вейп-өнімдерге 10 миллиард АҚШ долларын жұмсаған.

 

Хабар 24 телеарнасы