389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде «ақылды жағажай» жобасы іске қосылды

  • 204
  • UPD: 14:00, 21.09.2019

Бұл туристер өзін қауіпсіз сезінетін, тегін интернеті бар және жедел қызметтермен дереу байланыса алатын орын болмақ.

Сондай-ақ бұл жағажайда тазалыққа ерекше көңіл бөлініп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жағажай өте таза екені бірден көзге түседі. Айналада шашылған қоқыс пен шөлмектер, сынған пластик орындықтар жоқ. Ұзындығы үш шақырым дуалмен қоршалған жағажайға автокөлікпен кіруге болмайды. «Ақылды жағажай» жобасы елде алғаш рет жүзеге асып отыр.

Асиф Изак, жергілікті кеңестің басшысы:

- Біздің кеңесте ұзындығы 40 шақырымға жететін елдегі ең үлкен жағажайлардың бірі орналасқан. Биыл онда 2 миллионнан астам адам демалды. Осыншама халықтың бір жерде шоғырлануы қоршаған ортаға өз әсерін тигізбей қоймайды. Сол себептен «ақылды жағажай» жобасын ойлап шығардық.

Жағажай бойында арнайы бағаналар тұр. Оларға бейнебақылау камералары, дауыс зорайтқыштары, Wi-Fi және жергілікті кеңестің бақылау орталығымен байланыс орнатылған. Бұл жүйенің бәрі қашықтан басқарылып, күн сәулелерінен қуаттанады. Электр желілерін тартудың қажеті жоқ. Оны құмға қазып тастау мүмкін емес, ал бағаналар үстінен тартса, бұл жағажайдың көркін бұзар еді.

Дорон Штейнбенрг, жергілікті кеңестің қызметкері:

Енді жедел қызметтерге телефон соғып, дәрігерді шақырудың қажеті жоқ. Бағанадағы түймешікті басса, камера төмен қарап, өз мәселесі туралы диспетчерге айта алады. Ол не істеу және кімді жіберу керектігін шешеді.

Жағажайды аптасына 4 рет тазалайды. Егер демалыс күндерінен кейін қоқыс көп жиналып қалса, кезектен тыс сенбілік өткізіледі. Көп ұзамай бұл еңбек өз жемісін бере бастаған. Табиғат қалпына келіп, сирек кездесетін өсімдіктер шыға бастады. Бұл жобаға жарты миллион еуро жұмсалды. Израильде пайдалы қазбалар жоқ, есесіне теңіз бен күннің шуағы бар. Сол себептен ел қазынасына табыстың төрттен бір бөлігін әкелетін туризм саласына үкімет қаржы үнемдемейді. 

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы