389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузиядағы әрбір жетінші әйел – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны

  • 165
  • UPD: 10:07, 24.09.2019

Грузияның Әкімшілік кодексіне енгізілген жыныстық қысым көрсетуге қатысты түзетулер осы жылдың мамыр айында күшіне енді.

Әдетте, әйелдерге отбасылық зорлық-зомбылық туралы айту қиын, әсіресе, жыныстық зорлық туралы ашық айтатындар тіптен аз. Сондықтан елде оңалту орталықтары мен әлеуметтік шеберханалар ашылды. Грузияда зорлық-зомбылық құрбандарына қалай көмектесетінін «Хабар 24» тілшісі Юлия Тужилкина анықтап көрді.

БҰҰ ұсынған мәліметке сүйенсек, Грузиядағы әрбір жетінші әйел тұрмыстық, ал әрбір бесінші әйел жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Тағдырдың тәлкегіне түскендердің бірі - Тамуна. Отыздан асқан әйелдің екі баласы бар. Төрт жыл бірге отасқан жары жұмысынан айрылып, ішімдікке әуестенген. Ащы суға сылқия тойған ол Тамунаға қол көтеріп, тәніне жара салған.

Тамуна, озбырлықтан жапа шеккен әйел:

- Мерекелердің бірінде күйеуім ішімдік алуға ақша сұрады. Мен бермедім. Сосын ол мені ұрып, жағымды сындырды. Мен жерге құлап түстім. Бет-аузым қан-қан болды. Мұндайды кешірмейтінімді түсінген күйеуім мені бір жола ұрып-соғып, кейін ізін суытпақ болды. Оның соққылары өте ауыр тиді, бірақ мен қорыққаннан өлген кейіп танытып, қозғалмай жаттым. Сосын ол мені өлді деп ойлап, есікті сырттан жауып кетіп қалды.

Дәрігерлер қорлық көрген әйелді дереу емдеп, аман алып қалды. Сүйегі сынып, көптеген жарақаттар алған Тамунаға 6 операция жасалды. Ауруханадан шыққан соң ол бір жыл бойы бала-шағасымен әлеуметтік шеберхананы паналады. Сол жерде жұмыс істеп, барлық қарыздарынан да құтылды. Тамунаның алдағы жоспары айқын, жаңа өмір бастау.

Нато Шалохадзе, Зорлық-зомбылыққа қарсы ұлттық желінің төрағасы:

- Кей кезде ата-аналар зорлық-зомбылықтың құрбаны болған қыздарын түсінбей жатады. Жақындарынан қолдау таппаған олар бізден көмек сұрап келеді. Өкінішке орай, ата-аналары осындай нәзік жандыларды ұрып-соққан үйіне қайта апаратын кездер де болады. Өйткені олар жұрттың алдында ұятқа қалудан қорқады. Дегенмен, біздің қызметкерлердің жұмысы да нәтиже беріп келеді. Кейде психологтармен сөйлескен ата-аналар өз шешімін өзгертеді.

Биылдан бастап жыныстық қысым көрсету Грузия заңнамасына бөлек пункт ретінде енгізілді және ол үшін 100-ден 170 долларға дейін айыппұл салынады. Мұндай әрекеттерге бірнеше рет барған азаматтар бір айға қоғамдық жұмыстарға тартылады. Ал балаларға, аяғы ауыр әйелдерге немесе мүгедектерге жыныстық қысым көрсеткендерге 300 доллар көлемінде айыппұл салынады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы