389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Boeing 737 MAX апатынан қаза тапқандардың отбасыларына қанша өтемақы төленетіні белгілі болды

  • 159
  • UPD: 11:46, 24.09.2019
Boeing 737 MAX Boeing 737 MAX iz.ru

Boeing американдық әуекомпаниясы Индонезия мен Эфиопияда Boeing 737 MAX апатынан қаза болғандардың отбасыларына өтемақы төлейді, деп хабарлайды Reuters.

Агенттіктің хабарлауынша, қаза тапқандардың отбасыларына 144,5 мың доллар көлемінде өтемақы төленеді. Қаражат шілде айында құрылған арнайы қордан аударылады.

Қаза болғандардың туыстары 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін шағымдарын тапсыра алады. Қор мұрагерлерді табу және олардың өздеріне тиесілі төлемдерді алатынын анықтау оңай емес екеніне де тоқталып өтті. Өйткені, құрбан болғандардың туыстары әлемнің 35 елінде тұрады.

Соңғы үлгідегі Boeing 737 MAX 8 әуелайнері 2018 жылғы 29 қазанда Джакартадан ұшып бара жатқан кезде апатқа ұшырады. 13 минуттан кейін ұшақ Батыс Явадағы теңізге құлап, 189 адам қаза тапты.

2019 жылы наурызда Эфиопияда да осындай оқиға болды. Ethiopian Airlines әуекомпаниясының 737 MAX ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін бірнеше минут өткен соң апатқа ұшырады. Апат салдарынан 157 адам құрбан болды, оның ішінде үш ресейлік бар.

Екі апаттан кейін сарапшылар жаңа Boeing ұшағының борттық жүйелеріндегі проблемалардың болғандығы туралы айта бастады. Эфиопияда құлаған ұшақтағы ұшқыштардың сәуір айында жарияланған соңғы сөздері бұл күдікті растады.

Хабар 24 телеарнасы