389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оқушының сөзінен кейін Гутерриш елдерді сөзден іске көшуге үндеді

  • 199
  • UPD: 21:15, 24.09.2019

2050 жылға дейін 66 мемлекет көмірқышқыл газының ауаға таралуына біржола тоқтау салады. БҰҰ Бас ассамблеясы аясында өткен климат жөніндегі саммиттің қорытындысы осы болды. Әлемді алаңдатқан жайттарды бір емес, екі емес, 195 мемлекеттің өкілі талқылады. 

Бұл жолғы саммитте шведтік 16 жастағы экобелсенді Грэта Тунберг мемлекет басшылары мен саясаткерлерді жерден алып, жерге салды. Осы сөз қамшы салды ма? Антониу Гуттериш қатысушы елдерді келіссөздерді қойып, нақты іске көшуге шақырды.

12 елдің 15 жеткіншегі және шведтік эко-белсенді Грэта Тунберг бірігіп 23 қыркүйек күні БҰҰ Балалар құқығын қорғау комитетіне арыз жазады. Олар халықаралық ұйымға мүше мемлекеттердің климаттың өзгеруімен күрес жолында ешқандай шешім қабылдамағанына наразы. Бұл жағдай балалардың құқығын бұзып, болашағына балта шауып отыр дейді арызданушылар. Сөйтіп, дәл осы тақырыпты қамтыған БҰҰ саммитінде Нобель сыйлығына ұсынылған 16 жастағы экобелсенді мінберден сөз алды. Бұл жолы өзегін өртеген мәселені қағаз жүзінде емес, мемлекет басшыларына көзбе-көз баяндады.

Грэта Тунберг, экобелсенді:

- Мен қазір бұл жерде емес, мұхиттың арғы бетінде, сабақта отыруым керек еді. Бірақ сіздер климаттық дағдарысқа қарсы бірде-бір оңтайлы шара қабылдай алмадыңыздар. Осыдан кейін жастар біздің болашағымыз деп айтуға қалай ғана дәттеріңіз барады? Менің арманым мен балалық шағымды жүзеге аспайтын, өтірік уәделеріңіз арқылы астан-кестеңін шығардыңыздар! Адамдар қырылып жатыр, экожүйелер бұзылуда. Ал сіздер экономиканың өсімі жайлы ертегі айтып келесіздер! 

Мектеп оқушысының бұл өкпе-назын климат жөніндегі саммитке қатысып отырған Германия Канцлері Ангела Меркель, Франция Президенті Эммануэль Макрон мен көптеген мемлекет және үкімет басшылары тыңдады. Ізінше сөз сөйлеген Меркель жас ұрпақтың жан-айқайын естідік деп сөзін бастады. Ол өзі басқарып отырған үкіметтің тропикалық орманды құтқаруы үшін 250 млн еуро бөлуге дайын екенін жеткізді. Макрон да Бразиялиядағы орман өртінің өршуіне байланысты донор мемлекеттердің 500 миллион доллар көлемінде қаржы жинайтынын айтты. 

Ангела Меркель, Германия канцлері:

- Германия халықаралық аренада өз жауапкершілігін сезініп отыр. Сондықтан климаттың өзгеруімен күрес жолына бөлінетін қаржы сомасын екі есеге көбейтуге дайынбыз. Жасыл климат қорына 1,5 миллиард еуро бөлеміз. Мемлекет басшылары ретінде бірігіп әрі жылдам шешімдер қабылдауымыз керек. 

Жалпы климат жөніндегі саммитке барлығы 195 елдің өкілдері қатысып жатыр. Мақсат 2015 жылы қол жеткізілген Париж келісімі бойынша климатты қорғауға арналған жоспарларды талқылау. Қазір бұл келісімге барлығы 186 мемлекет қосылған. Ресей дәл осы самитте Париж келісімін қабылдағанын жеткізді. Ал Вашингтон болса келісімге үзілді-кесілді қарсы. Дональд Трамп климаттың өзгеруіне адамзаттың түк қатысы жоқ дейді. Жалпы, бүгінгі таңда ауаға көмірқышқыл газын көптеп бөлетін елдердің тізімін Қытай бастап тұр. Екінші орында Үндістан. Бірақ екі мемлекетте бұл көрсеткішті азайту жоспарларымен бөліспеді. Дегенмен, су жаңа премьер Борис Джонсон самитте ағынан жарылып, жұрттың ықыласына бөленді. 

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Ұлыбритания елі 2050 жылға дейін ауаға көмірқышқыл газының бөлінуін нөлдік теңгерімге жеткізеді. Әріптесім Меркель айтқандай ол үшін жаңа технологияларды қолданамыз. Сондай-ақ, қоршаған орта мен табиғатты қорғау жолынды қардыландыруда көбейтеміз. Алдағы бес жылда 14,4 млрд долларға дейін жеткіземіз.   

Соңғы уақытта климаттың өзгеруі әлемдегі аса маңызды әрі өзекті мәселе. Себебі мұздықтар еріп, шөлдаланың аумағы артқан. Орман өрті жиілеп, табиғат апаттары орын алуда. Ал 2019 жылдың үш айы рекордтық температура орнатқан ең ыстық жаз атанды. Сондықтан БҰҰ Бас Хатшысы саммитке қатысқан барлық елдерді келіссөздерді доғарып, нақты қадамдар жасауға шақырды. 

Антониу Гуттериш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Табиғат ана бізге ашулы. Өндіріс орындарын көптеп салып, ауаны ластап жатырмыз. Түрлі қоқыстар, теңізді жайлаған пластиктер. Сондықтан да табиғат аппаттары орын алуда. Күн ысып, бәрі өртеніп жатыр. Климаттың өзгеруімен күрес жолында жоспар құратын уақытымыз болды. Бұл саммит табиғатпен келіссөз жүргізу емес. Барлығын қойып, нақты іске көшу керек.  

АҚШ тарапының саммитке қатыспағанын айттық жоғарыда. Дональд Трамп саммит өтетін залға бас сұғып, қайта шығып кеткен. Ал американдықтар болса Ақ үйдің бұл саясатына наразы. Тіпті Вашингтонның қақ ортасында шерулер ұйымдастырылып, халық көтерілді.

Хабар 24 телеарнасы