389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада баламалы қуат көздері балабақшаға жетті

  • 202
  • UPD: 11:51, 25.09.2019

Украина күн генераторларын мектеп пен балабақша шатырына орналастырудың пилоттық жобасын жүзеге асыруды бастады.

Мемлекеттің бұл саясаты сәтті іске асса, келесі жылы 150-ге жуық әлеуметтік нысан табиғи қуат көздерімен толығатын болады.

Киевтегі нөмірі 601 балабақшаның шатырына 36 күн панелі осыдан 1 жыл бұрын орналастырылған. Осылайша, «күн шатырлары» әлеуметтік нысанның тоққа 20 пайыз қажеттілігін өтеп отыр. Шатырдағы кішігірім күн станциясының өнімділік қуаты – сағатына 10 киловатт. Сәйкесінше, бір жылда балабақшадағы бұл күн шатырлары 11 мыңнан астам киловатт қуатты оңай өндіре алады.

Михаил Пабат, күн шатырларын монтаждау саласының маманы:

– Қуат көздеріне деген кез келген қажеттілікті күн шатырлары толық өтей алады. Мысалы, бақша асханасы жұмсайтын тоққа қуатты осы шатырлар өндіреді. Балабақшадағы жарыққа да осы жерде өндірілген қуат көздері жұмсалады.

Киев мэриясы келесі жылы 150-ге жуық балабақшаға күн шатырларын орнатуды жоспарлайды. Әлбетте, бір ғана күн панелінің құны 100 доллардан кем емес. Сондықтан өзін-өзі шатыр жылдам ақтамайды, алайда мәселе ақшада емес, дейді мамандар.

Андрей Лисовик, энергетикалық даму және менеджмент басқармасының басшысы:

– Мәселе ақшада емес, мақсатымыз – балабақшадағы жағдайды жақсарту. Ыстық суға және қуат көздеріне қажеттілікті күн панелдері арқылы өтеуге болады. Оның үстіне шатыр – қосымша территория емес, ол әдетте қолданылмай құр тұрған дүние.

Украина бойынша 2017 жылы 1600 күн шатыры салынса, ресми дерекке сай 2018 жылы қуаттылығы 30 квт станциялардың саны 6 мың, ал 2019 жылы күн шатырларының саны 12 мыңға жеткен екен. Мемлекет 2015 жылдан бері «жасыл тариф» реформасын жүзеге асырады. Бұл заңнама негізінде Украина азаматы күн генерациясы арқылы өзі өндірген артық қуатты мемлекетке сатып жібере алады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы